#qyzylordatv

Бүгін әрбір қызылордалық үшін маңызы зор «Қызылорданың астаналық кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосу барысында ғалымдар, тарихшылар, мұрағат өкілдері Сыр елінің бас қаласы туралы көпшілік біле бермейтін деректермен бөлісті. Тарихы том-том болатын қаламыз туралы тың дерек тыңдаған тілшіміз тарқатсын.

 Қазір Қызылордаға сырттан келушілер көп. Әсіресе шетелдіктер. Солармен сөйлесе қалсаң, «туған жерлерің туралы нендей қызық бар?» деп сұрайды. Тарихтан мазмұнды, елең еткізер дерек айтсаң ұйып тыңдап, таңданып «мықты екенсіздер!» деп бас бармағын көрсетеді. Әрине, өзіңнің туған жерің, қазаққа астана болған қалаң туралы білу парыз. Бүгінгі басқосу білгені бір тоғыз, білмегені тоқсан тоғыз көпшілікті тың деректермен байытты. Тарихшы Сағат Тайман Қызылорданың астаналық кескін-келбетінің қалыптасуы, қаланың сәулеті мен инженерлік жүйесі туралы айта келе, қазіргі Сарқырама каналаның жобасы сол кезде әзірленгенін, жалпы, жоқ жерден жау іздейтін әдеті бар сол кездегі өкімет 14 сәулетшіні «халық жауы» санап соттағанын, тіпті «Советская степь» басылымында қаралап, әшкерелейтін мақалалар жарияланғанын алға тартты, олардың қатарында Мұхаметжан Тынышпаев та бар екен.

 Бір өкініштісі, Қызылорданың астана болған кездегі архитектурасы туралы деректердің көп бөлігі жоқ, қолда тек там-тұмдаған құжат қалған. 1925 жылы Қазақ халық ағарту институты Қызылордаға көшірілген кезде Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Мұқанов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов секілді зиялы қауым өкілдері дәріс беруге атсалысты. Өз баяндамасында ғалым Ғабит Тұяқбаев сызу пәнінен сабақ берген Ахмет Байтұрсынов еңбек демалысынан 3 күн кешігіп шығып, жазаланғанын, Сәбит Мұқановтың Сырдария өзенінің мінезін «Өмір мектебі» кітабында қалай суреттегенін, ел аузында 40 кепе аталып кеткен мекеннің сол кезде пайда болғанын, тағы да басқа тыңдарманын таңқалдырған деректермен бөлісті

 Көненің көзі, кешенің ізі ретінде қаладағы Қазавтожол мекемесінің ғимаратын, теміржол вокзалы мен клубын, қазіргі көркемсурет галереясы мен Ақмешіт мұражайының ғимаратын айта аламыз.

Бүгінде облыстық мұрағат реставрациялық лаборатория алып жатыр екен. Бұл дегеніңіз - өте ескі құжаттарды қайта қалпына келтіруге болатынын, қаншама кешеден бүгінге мирас болған дүниені жаңғыртып, ертеңнің үлесіне қосуға зор мүмкіндік. Бүгінгі басқосу шын мәнінде Қызылорданың тарихи рөлін жаңаша зерделеуге, ұлттық жадыны жаңғыртуға арналған мазмұнды жиын болды. Өз тарихымыз өзімізге керек және оны түгендейтін де, қадірлейтін де өзіміз.