#qyzylordatv

Қазақта «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген. Күн күркіреп, көк дүркіреген шақта облыстық төтенше жағдайлар департаменті Наурыз мерекесін тойлады. Ақшаңқан киіз үйлер құрылып, ұлттық салт-дәстүр көрініс тапты.

Қызылордалық құтқарушылар наурыз айында Ақмола және Ақтөбе облыстарындағы су басу қаупі бар елді мекендерге барып, құтқару жұмыстарына қатысқан болатын. Қызметкерлер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келген соң департамент ұжымы жылдағы дәстүрге сай Наурыз мерекесін атап өтті. Ұлыс күніне арналған шарада азаматтық қорғау саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Мұсаев бата беріп, елдің амандығын тіледі. Ал, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қырағы құтқарушыларды мерекемен құттықтады.

 №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ғимаратының ауласына киіз үй құрылып, қазан көтерілді. Сала ардагерлері мен қонақтар Наурыз көжеден дәм татып, концерт тамашалады. Мерекелік жиында тұсаукесер рәсімі өткізіліп, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды.

Департаментке қарасты барлық бөлім қызметкерлері арасында спорттық сайыс ұйымдастырылды. Балуандар боз кілемде белдессе, білекті жігіттер қол күресіп, гір тасын көтерді.

 Ұлттық спортты ұлықтаған төтеншеліктер осылайша шара көрігін қыздырды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер марапат төрінен көрінді.