#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #ардагер #шипажай
Жаңақорған ауданында зейнеткерлікке шыққан 7 мың 800 ардагер бар. Олардың әлеуметтік жай-күйін қадағалап, денсаулығына көңіл бөлу қашанда маңызды. Осы мақсатта аудандағы 10 ардагерге шипажайға жолдама табысталды.
Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қаштырмай, әдемі қартаю – өнегелі жандардың өрелі ісі болса керек. Осыны мықтап көкейге түйіп, қазыналы қарияға айналған жандардың мәртебесі қашан да биік. Сол ізгілікке ұйытқы болған үлкендерге құрмет көрсету мақсатында жыл сайын Жаңақорған ауданында ауқымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты. Яғни, аудан әкімдігі және меценат Бақдәулет Мақашевтің қолдауымен 10 ардагерге «Жан-Арай» шипажайына жолдама берілді.
Игі бастамаға құрылыс, егін, мал шаруашылығы, білім, денсаулық саласында еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған еңбек ардагерлері шақырылған. Қариялар заманауи шипажайда бір апта бойы тынығады. Сондай-ақ, оларға түрлі дертке қарсы 11 түрлі кешенді ем-дом жүргізу қарастырылған. Орталықта спортпен шұғылдануға да мүмкіндік бар.
Айта кетейік, алдағы уақытта мұнан бөлек тағы 30 ардагер осы шипажайда ем алмақ.