Байқоңырға бір күнде 2500-ға жуық турист келіп, «Жеңіс зымыранының» ұшу сәтіне куә болды. Олардың қатарында еліміздің әр өңірінен республикалық форумға келген белсенді жастар да бар.
Ұшырылым күні жұлдызды қалашық туристік аймаққа айналады. Себебі мұндағы әр ғимарат ғарыш әлемінен сыр шертеді. Форумға келген жастар алдымен Гагарин саябағына табан тіреді. Мұнан соң «Ғарыш музейін» аралап, космос тарихына қанықты. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Ассамблея туы Байқоңыр қалалық әкімшілігіне ресми табысталды.
Жұлдызды қалашықтың тарихи орындарына куә болған жастар әрі қарай зымыран ұшырылымын тамашалауға асықты. Кезекті ұшырылым Жеңістің 80 жылдығына арналды.
ГҮЛАЙ АШЕКОВА - ТІЛШІ // «Жеңіс зымыраны» деп аталатын бұл әуе кемесін ресейлік ғарышкерлер Сергей Рыжиков пен Алексей Зубрицкий және NASA астронавты Джонатан Ким ХҒС-на жеткізеді. Әуе кемесі ұшқаннан кейін 9 минуттан соң орбитаға шығарылады, ал 2 сағаттан кейін ХҒС ресейлік сегментіне барып қосылады деген болжам бар. Бұл жолы ғарышта 50 тәжірибе жасалады, оның екеуі жаңа. Ал ғарыш кемесі 9-желтоқсанда жерге оралады деп жоспарлануда». //
Осы бір тарихи сәтті Парламент мәжілісі мен сенат депутаттары да тамашалап, әсерімен бөлісті.
ДҮЙСЕНБАЙ ТҰРҒАНОВ - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
/ «Бүгін әріптестермен бірге «Союз» зымыранының ұшырылымын тамашаладық. Жеңістің 80 жылдығына арналған әуе кемесін көріп ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ біз мұнда қос тараптық келісім бойынша «Бәйтерек» кешенінің алдағы жұмыс жоспарын талқылауға келдік. Осы жылдың соңында қазақстандық зымыран ұшырамыз деген жоспарамыз бар».
Айта кетейік, биыл ғарыш айлағында 10-ға жуық зымыран ұшрылымы болады. Демек, жыл соңына дейін жұлдызды қалашық 20 мыңға жуық туристі қарсы алмақ. Ал келесі ұшырылым шілде айына жоспарланып отыр.