Өңірде жыл басынан бері прокуратура мамандарының ықпалымен 7 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалған. Олардың көбі еңбек даулары. Мәселен, «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа тартылған 2 360 маманның жалақысы төленбей келген. Бұл туралы облыс прокуроры Ризабек Ожаров хабарлады.
Жалпы, қадағалаушы орган аймақтағы мекемелерге тексеріс кезінде 601 млн теңге жалақы дер кезінде төленбегенін анықтады. Соның ішінде 264 млн теңге жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде берілмей келген. Аталмыш қаржы толықтай өндіріліп, олқылыққа жол берген жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұнымен қоса, облыс прокуроры «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы мен Ақай ауылындағы № 99 мектептің бас есепшілері тергеліп жатқанын хабарлады. Олар іссапар мен жалақыға көзделген 90 млн теңгеден астам қаржыны жеке шоттарына аударған. Жалпы, өңірде прокуратура ықпалымен күші жойылған сот қаулыларының саны 60 пайызға артып, 70 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл өндірілген.
#qyzylordatv