#qyzylordatv
Жұмысшы мамандар даярлау уақыт талабы. Бұл ретте өскелең ұрпақтың талабын ұштау өте маңызды. Осы орайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шиелі аудандық филиалының ұйытқы болуымен болашақ жұмысшы мамандар өңірдегі өндіріс орындарына саяхат жасауда. Кезекті сапар «Гежуба Шиелі цемент» зауытында ұйымдастырылып, студенттер өндірістік процеспен жақыннан танысты.
Шыны керек қазір жастардан сұрай қалсаң көбі заңгер, қаржыгер немесе бейнетсіз бизнестің тұтқасын ұстағысы келеді. Ал, шын мәнінде төрт түлікті жайлайтын, тұрмысыңды сайлайтын маман қат. Сондықтан бүгінгі буынның қызығушылығын арттыру үшін осылай өндірістік процесті жақыннан көрсетудің жөні бөлек. Зауытқа экскурсия барысында Шиелі индустриалды аграрлық колледжінің студенттері цемент дайындау технологиясымен танысып, теориялық білімді практикамен ұштады.
Осылайша, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал мамандары тың кәсіптің тізгінін ұстауды көздеген тұрғындармен қатар, жастарға да жол көрсетуде. Биыл осылай 500-ден астам мектеп оқушылары мен колледж студенттерін қамтып, өндірістік дәрістер өткізген.
БЕКЗАТХАН БАУЫРЖАНҰЛЫ – «АТАМЕКЕН» КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
/Биылғы жылдың өзінде 5 мектеп пен 1 колледжде қонақ дәрістерін өткізіп, бұл кездесулерге 500-ден астам оқушы қатысты. Сонымен қатар, жастарды нақты өндірістік процестермен таныстыру мақсатында бірнеше кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылды.../
Цемент зауыты 2019 жылдың мамыр айында іске қосылды. Содан бері 300 мың тоннадан астам өнім шығарылған. Дайын тауар ішкі нарықтың сұранысын өтей отырып, көршілес мемлекеттерге экспортталуда. Жалпы, тампонажды цемент құрылыс, мұнай-газ және уран өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Бағамдасақ бұл кәсіпорын елімізде қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалдың жемісі.
У ЧЖЕНЬ ХУА – «ГЕЖУБА ШИЕЛІ ЦЕМЕНТ КОМПАНИЯСЫ» ЖШС БАС БАСҚАРУШЫСЫ /Біз зауыт өнімділігін кезең-кезеңімен арттырып жатырмыз. Мәселен, келер жылы 700 мың тонна цемент шығаруды жоспарлап отырмыз. Ол кезде жаңа жұмыс күші қажет болады. Сондықтан, осы салада білім алып жатқан студенттер зауыт жұмысымен танысады дегенде бірден құптай кеттік. Қазір жұмысшылардың жалақысы уақытылы төленіп отыр. Әрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де назарда/
Бүгінде өндіріс орнында 260-қа жуық маман жұмыс істесе, соның 80 пайыздан астамы жергілікті азаматтар. Бұл ретте зауытқа қажетті мамандар даярлау Шиелі индустриалды-аграрлық колледжіне жүктелген. Осылайша еңбек ұжымдары әріптестік байланысты бекітіп, тізе қосып тірлік етуде.