Бокстан Бразилияда өткен Әлем кубогының чемпионы Нұрсұлтан Алтынбек туған жерге оралды. Дүбірлі додада ел мерейін үстем еткен боксшыны жерлестері әуежайдан ыстық ықыласпен күтіп алды.

Сыр спортының қоржынына Әлем кубогының алтын жүлдесін салған қайсар спортшыны қызылордалықтар сән-салтанатпен күтіп алды. Әуежайға жиналған көпшілік Нұрсұлтанға құрмет көрсетіп, ыстық ықыластарын, жылы лебіздерін арнаумен жеткізді.

Ал, Нұрсұлтан Алтынбектің ең басты жанкүйері 82 жастағы әжесі спортшыға басалқы батасын берді. Кейуана немересінің әрбір жекпе-жегін жібермей көреді.

Жалпы, жас боксшының бұл жетістігі Сыр спортындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Өйткені, 19 елдің былғары қолғап шеберлері күш таластырған сайыста Нұрсұлтан кіл мықтылармен жұдырықтасты. Алғашқы жекпе-жегінде Париж олимпиадасының қатысушысы жергілікті бразилиялық спортшыны жеңсе, онан соң француз, үнді боксшыларын қапы қалдырды. Ал, ақтық айқаста Әлем чемпионы өзбек спортшысынан басым түсті. Туған елге оралған чемпион жарыстан алған әсерімен бөлісіп, сый-құрмет көрсеткен жерлестеріне алғысын білдірді.

Елдің рухын асқақтатып, қуанышқа бөлеген қайсар боксшының жеңісті күндері әлі алда. Нұрсұлтан Алтынбекенді алдағы Азия, Әлем чемпионаттарына тыңғылықты дайындаламын дейді.