#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #мәжіліс #салық
Мәжілісте жаңа салық кодексі жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Қосылған құн салығының шекті мөлшері ұсынылып, әркім өз кірісіне сай салық төлейді деген шешім қабылданды.
Қосылған құн салығы 16 процент болады. Оның шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленбек. Ұзақ әрі қызу талқыдан кейін үкімет пен депутаттар ортақ мәмілеге келді. Бірақ, құн салығының бюджет үшін құны қымбат болғалы тұр.
Бірақ, қаржы қаншалықты қажет болса да, үкімет бірқатар салаға жеңілдік беріп отыр. Атап айтсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология – қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін айқындайтын болады. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Оның мөлшерлемесі 10 пайыз болуы мүмкін.
Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – келесі жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Жалпы, салық, төлем және алымдар қысқартылады. Салық жеңілдіктері оңтайланып, сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін бәрі де қаз-қалпында сақталады. Яғни, 70 пайыз жеңілдік қалады. Ал, өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20 пайыз мөлшерлемесі бойынша салық салынады. Арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі.
Орта және шағын бизнеске арналған салық режимі енді оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталады. Кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Ал, Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде қалды, бірақ жекелеген секторлар үшін жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Жылжымайтын мүлік құны 450 миллион теңгеден асатын болса, мүлік салығы өседі. Сондай-ақ құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл көліктерге, кеме мен ұшақтарға акциздер енгізу жоспарланып отыр.
Бұл салық кодексін бірінші оқылымы. Демек, қыркүйек айынан бері жалғасып келе жатқан талқы енді қыза түседі. Жұмыс топтарында жұмыс көп. Басты мақсат – халықтың қалтасына салмақ түсірмеу.