#qyzylordatv
Бүгін ғашықтар мерекесі, яғни Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні. Жасы 92-де болса да, өмірге ғашық, ән мен биге ғашық, осы Қызылордаға ғашық жан туралы қызықты деректермен бөліссек деп отырмыз. Әңгіме тыл ардагері Лидия Ким туралы болмақ.
Ол күніне 12-13 мың қадам жасайды. Ол апта сайын биге барады. Ол әзіл-қалжыңды жаны қалайды. Қазіргі тілмен айтқанда бойы энергияға тұнып тұрған, позитивті жан. Ал, өмірбаянын тыңдасаң, оның орнында болған адам тұнжырап, тұңғиыққа түсуі де ғажап емес еді. Тынық мұхитының жанындағы қиыр мекенде дүниеге келген бұл қыздың отбасы 1937 жылы тағдырдың тәлкегімен қазақ жеріне айдалып әкелді. Жоқшылық кездің өзінде қазақтардың дархандығына тәнті болдым дейді кейіпкеріміз. Сол сәттен бастап қазақ халқын, қазақ жерін сүйіп қалған.
Ол соғыс жылдары кәртішкімен нанның кезегінде тұрған кезді де, қақаған қыста киерге кебіс болмай жалаңаяқ мектепке барған кезді де, тіпті шырша орнына қазақтың сексеуілін мақтамен көмкеріп, жаңа жылды қуана қарсы алған кезді де ұмытқан емес.
ЛИДИЯ КИМ – ТЫЛ АРДАГЕРІ / Жаңа жылды шырша орнына сексеуілді мақтамен әсемдеп, соны айналып би билеп, тақпақ айттық. Ол кезде мектебіміз қазіргі музыкалық колледж тұрған жерде еді. Сонда да өмірді сүйдік, біз де ғашық болдық, ол сезімді өлтірмедік/
Лидия Ким Мәскеуде жоғары білім алып, Өзбекстанда ядролық физика институтында қызмет еткен. Аяқ асты ауырып, алғашқы махаббатына қосыла алмай қалған. Кейін Қызылордаға оралып, ЦКЗ-да, яғни целлюлоза-картон зауытында бөлім меңгерушісі болып қызмет жасаған. Политехникумда дәріс берген, тұрмыс құрған, балалы болған, алайда алғашқы махаббатының суретін әлі күнге дейін сақтап келеді екен.
ЛИДИЯ КИМ – ТЫЛ АРДАГЕРІ /Алғашқы махабатым Сергейдің суретін әлі сақтап жүрмін. Ол фотосурет маған өмірге ғашық болуға стимул іспеттес. /
Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырайды, алайда идеал адам жоғын ұғынған дұрыс. Махаббат дегеніміз ол – қамқорлық. Кешіре білу керек, тәкаппарлық ешкімді ұшпаққа шығарған емес дейді 92 жастағы өмір көрген кейуана.
ЛИДИЯ КИМ – ТЫЛ АРДАГЕРІ / Адам қандай солайымен қабылдай білу керек. Идеал періште адам жоқ. Түсінісу маңызды, бір-біріне қамқор болу маңызды, кешірімді болу маңызды, қалғаны бос әңгіме дер едім/
«Қазір де жүрегім бос емес, ғашықпын» дейді ол, «сүйікті қалам – Қызылордаға ғашықпын, мұндағы халыққа ғашықпын, бұл қаланың адамдары ақкөңіл, қонақжай керемет адамдар», - дейді Лидия Романқызы.
ЛИДИЯ КИМ – ТЫЛ АРДАГЕРІ / Қызылорданы сүйем. Мұндағы тұрғындарды жақсы көрем. Мәскеудегі қызым шақырды талай, немерелерім де шақырды, бармаймын, жалғыз тұрсам да осы Қызылорданы қимаймын, бір-біріңді бағалай біліңдер, өмірдің бағасы сол бағалау мен қамқорлықта/