Өнер орталығында Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Қазақ қызы – ұлт айнасы» атты қыздар слеті өтті. Тілші бейнематериалында толығырақ.

Қыз бала – ұлттың ұяты, отбасының берекесі, болашақ ұрпақтың тәрбиешісі. Тарихқа көз жүгіртсек қазақ қыздары тек ибалы, инабатты келін ғана емес, ел қорғаны, дана билеуші, шешен сөздің иесі де болған.

ЖАҚСЫГҮЛ ТОҒАНОВА - М.МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

"Қазақ қызының болмысын терең ұғынуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қыз баланың қоғамдағы орнын білуге, оларға бағыт-бағдар беруге негізделген алаң болып табылады. Бұл шараға 1357 қыз бала қатысуда. Жалпы оқу орнымызда 85 пайыз қыздар білім алады. Барлығы қыздар үшін жасалып жатыр. Әрбір қыз өзіндік санасына рухани дүниелерді, ұлттық құндылықтарды болмысына терең сіңірсе, біздің болашақта қыздарымыз көшбасшы да, өнертапқыш та, ғалым, қайраткер де шығатыны сөзсіз."

Қыздар слетіне ұстаздар, білім саласының ардагерлері, психолог мамандар мен кәсіпкер қыз-келіншектер арнайы шақыртылған. Олар алдымен «Ұлттық киім – ұлттың коды» атты көрмені ташалап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Мұнан соң, «Қызым саған айтамын...» шығармашылық аймағында қатысушылар «Арман ағашына» өз тілегі мен ақыл-кеңесін жазып қалдырып, «Айна алдындағы ақыл» атты психологиялық интерактивіне қатысты. Сонымен қатар, Домалақ ана, Томирис, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сынды тарихи тұлғалардың өнегелі өмір жолына қанықты.

Слетке қатысушылар мұнан кейін «Әкеден – ақыл, анадан – мейір» атты мәдени-танымдық алаңда бас қосты. Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Нағиша Есбосынова қыз баланың тәрбиесіндегі құндылықтар трансформациясы жөнінде сөз етсе, теолог Бақтияр Оспанов әке мен қыздың арасындағы қарым-қатынастың өзектілігі жөнінде мысал келтірді. Ал, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева қазіргі қазақ қызы болмысының қандай болуы керегін ашып айтып берді.

Бір сөзбен айтқанда, қыз баланың тәрбиесіне қырын қарауға болмайды. Жастардың санасына құндылықтарды сіңіру арқылы алдағы уақытта да кем-кетікті толтыруға жұмыс жасалмақ.