Футболдан ел чемпионатының 4-ші тур ойындары өтті. Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжар» командасымен кездесті. Алғашқы 3 турда сәтсіздікке ұшыраған «қасқырлар» бұл жолы да жанкүйерлерді жеңісімен қуанта алмады.

Өткен турларда чемпионаттың аутсайдері саналатын «Ұлытауға» есе жіберіп, «Ертіспен» тең ойнаған «Қызылжар» Қызылордаға мүшкіл хәлмен келді. Ал, оңтүстік дербиде «Ордабасыға» есе жіберген «Қайсар» бұл ойынға жаралы арыстандай шығады деп болжам жасалған да еді. Оның үстіне, қасқырлардың қос нигериялық легионері Виктор Мозес пен Имо Эзекиель де алғашқы минуттардан бастап алаңға шықты. Осыдан-ақ, жанкүйерлер тартысты ойын көреміз бе деп ойлаған. Алайда, алаңда комбинациялық ойыннан гөрі, талас-тартыс басым болды. Екі команданың ойыншылары да қарсыласты шалып жығып, бірінен соң бірі сары қағаз алып жатты.

Десе де, «Қайсардың» бірінші таймда есеп ашатын мүмкіндігі болған. Бірақ, Виктор Мозестің айып алаңына баспен асырған пасы «Қызылжар» қорғаушысының қолына тиіп кетіп, ереже бұзылғанына қарамастан бас төреші пенальти белгілеуді құптамады.

Тек екінші таймда ғана матчқа қан жүгіре бастады. Екі жақ та шабуылға ұмтылып, ойын ритмі біршама өзгерді. Алаңға тыңнан ойыншылар қосып, қалған уақытта «қасқырлар» жеңісті жұлып әкетуге тырысқанымен, қарсыласқа тісі батпады. Ал, теріскейден келген футболшылар Сырдан бір ұпай еншілеп кетті.

МИЛИЧ КУРЧИЧ – «ҚЫЗЫЛЖАР» ФК БАС БАПКЕРІ

"Жасыратыны жоқ біз Қызылордадағы матчтың қиын болатынын білдік. Оның үстіне, биылғы маусымға «Қайсар» жақсы құрам жасақтап алған. Десе де, біз дайын болдық. Жігіттерге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Алаңда тактикалық тұрғыда жақсы ойнады. Алаңның да сапасы жақсы болды. Біз үшін маңызды матчта бір ұпайымызды еншіледік."

Осылайша, 4 турда небәрі 3 ұпай жинаған жергілікті команда турнирлік кестенің 11-ші сатысына жайғасты. Енді «Қайсар» 8 сәуір күні «Таласпен» ел кубогына таласады. Одан кейін, біріншіліктің 5-ші турында сырт алаңда «Атыраумен» кездеседі.