Биыл облыстық телеарнаның хабар тарата бастағанына – 35 жыл. Алғашқы төларнаның жағдайы мен жұмысы, техникасы мен түсірілім тобы да қазіргіден өзге болатын. Бірақ сол кездегі ахуалға қарамастан тележурналистер елге нақты ақпарат таратты. Айта да, жаза да білетін телередактордың бірі Қазыбек Ботаев болатын. Ақпарат саласының ардагері телеарнаға арнайы келіп, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Қазбек Ботаев телеарнада 2000 жылдан 2011 жылға дейін тынбай қызмет етті. Ол – телекөрермен алдында тікелей эфир жүргізіп, халықтың сеніміне ие болған журналист.

АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ

"Бұл студия – талай маңызды жаңалықтың куәсі. Телевизия тарихында өз қолтаңбасын қалдырған журналист Қазыбек Ботаев бүгін бұрынғы жұмыс орнына арнайы келді. 11 жыл бойы телеарнада еңбек еткен маман алғаш эфирге шыққан кезі, бұрынғы және қазіргі журналистиканың ерекшелігі туралы айтты."

Тележурналист шынайы және жылдам ақпарат тарату керек. Бірақ ол кезде дәл қазіргідей интернет, компьютер тіпті ұялы телефон да болмады. Десе де тегеурінді тележурналиске бұл кедергі емес. Қазыбек Камалұлының талай рет табан астында түсірілімге аттанып, далада түнеп, суықта тоңып, ыстықта шыжып, түнде монтажға келіп, репортаж жасаған кездері аз емес. «Маған кабинетте отырғаннан гөрі, аудан, ауылдарға барған ұнайтын еді» дейді ол. Бала кезден журналистиканы жақын тартты. Әскерден келгесін, ҚазҰУ-дың филология факультетінің, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын тәмамадады. Он жылдай мұғалім болып еңбек етті. Осылайша 43 жасқа келгенде ғана ақпарат саласына аяқ басты.

ҚАЗЫБЕК БОТАЕВ – ТЕЛЕВИЗИЯ АРДАГЕРІ

"94-тің сентябрьдің аяқ жағы болу керек, радиоға келдім. Ол кезде ағаларымыз марқұм болып кетті. Есенгелді Шілдебаев, Жақсылық Бекхожаев, оның бер жағында Бексейіт Шайланов бәрі марқұм боп кетті. Солар қолдады. 95-тің 1 январінен бастап штатқа кірдім. Бір қызығы, радиоға кірген кезде орыс реакциясында орын болмады. Бір жыл қазақша жаздым. Журналистік, әсіресе, телевидиенің қызметі өте қызық қой. Іссапарға шыққан сайын, мейлі сен 2,3 рет мейлі 10 рет бар бір ауданға, бір ауылға, бірақ әр командировка сайын өзіңе бір жаңа нәрсе ашып отырасың."

Қазбек Камалұлы алғашында тілші болса, одан кейін редактор, ақпарат қызметінің бас редакторы болып еңбек етті. Екі тілді жетік меңгерген журналист кез келген тақырыптан тайсалмады. Тікелей эфирде «Жүздесу», «Көкейтесті» хабарларын жүргізді. Сол кездері "Три по сто" атты авторлық бағдарламасын да күтетіндер көп болды. Хабардың ерекшелігі – 100 секундтың ішінде 3 түйткілді мәселені жеткізіп үлгеретін. Көп емес, дөп сөйлетін журналист осылайша халықтың адамына айналды.

ҚАЗЫБЕК БОТАЕВ – ТЕЛЕВИЗИЯ АРДАГЕРІ

"Марқұм Есенгелді Шлдебаев деген ағамызбен жұмыс істедік. Ол кісінің бәрі жақсы көретін. «Ес аға» дейміз. Ол кісімен «Көкейкесті» деген бағдарламаны екеуміз жүргізетінбіз. Мекеме, басқармалардан адам шақырып. Біреуді сөйлетіп болғаннан кейін, орысшаға беру керек қой. «Ес аға» менің атымды ұмытып қалды. Арқамнан қағып, «әріптесіме берейін» дейді. Сол оқиға есімде қалды."

Бұл күні Қазыбек Камалұлы монтаж столына қайта отырды. Себебі телевизия ардагерімен сұхбат кезінде 15 жылға шегініс жасауды жөн көрдік. «Бұрынғыдай жаңалық дайындаңызшы» деп өтініш жасадық.

Қазыбек Ботаев 2011 жылы телеарнадан «Кызылординские вести» газетіне тілші болып жұмыс ауыстырды. 95 жылдық тарихы бар басылымда бас редактор қызметін атқарып, аймақ журналистикасының алға жылжуына үлес қосты. Ал қазір телевизия ардагері көркем аудармамен айналысады. Кездесуде Қазбек Камалұлы тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне ізгі тілегін жеткізді.