Облыстық әділет департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берді. Ол үшін №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Халыққа тегін құқықтық көмек көрсету мақсатында құрылған топтың құрамында департамент қызметкерлерімен қатар, жеке сот орындаушы, адвокат,прокурор және медицина өкілдері бар. Іс-шарада азаматтарға Әділет органдарының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, цифрлық көмек беретін чат-боттардың мүмкіндіктері таныстырылды. Мұнан кейін, кезек сұрақ-жауапқа берілді.

Іс-шара барысында мамандар қазіргі қоғамда интернет алаяқтық белең алып бара жатқанын да айтып, түрлі хабарламадан сақ болуға шақырды.

Халықтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған жиында «Робот сот орындаушының» қызметі түсіндірілді. Пилоттық жүйе ретінде енгізілген жоба қазір еліміздің барлық аумағында жұмыс істеп тұр. Оның мәні – азаматтар 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлды 1 ай көлемінде жеке сот орындаушының қатысуынсыз өтей алады. Айта кетейік, Әділет департаментінің мамандары халықпен кездесуді тоқсан сайын ұйымдастырып келеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілетін шаралар легі мұнымен шектелмейді. Мамандар акцияларды түрлі форматта өткізуді жоспарлап отыр.