Сәуір болмай, тәуір болмас. Жер бусанып, көк шыққан шақта облыстық сот ұжымы Наурыз мерекесін тойлады. Ұлттық құндылықтар жаңғырып, мәдени мұра насихатталған шара Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды.

Ақшаңқаң киіз үйдің алдында тұсау кесу, қыз ұзату, беташар, бесікке салу, ат қою, құда түсу секілді ұлттық салт-дәстүрлер көрініс тапты. Сондай-ақ, білекті жігіттер қол күресіп, гір тасын көтерді. Мұнан кейін, сала ардагерлері мен қонақтар Наурыз көжеден дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Іс-шарада сөз алған облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев наурыз мейрамының мән маңызын атап өтіп, сала мамандарын мерекемен құттықтады.

Мерекелік шара соңында «Наурызнама» онкүндігі аясында өткізілген бейнероликтер байқауының және спорттық сайыстың жеңімпаздары естелік сыйлықтармен марапатталды.