Қаладағы Жетісу көшесінің тұрғындары наурыз тойын тойлады. Жыл сайын қазан көтеріп, ағаш егіп, спорттық сайыстарды ұлықтайтын ынтымағы мол көршілер жарасымды ісімен үлгі көрсетіп келеді.

Бір көшенің бойындағы жиырмаға тарта шаңырақтың жыл басын бірге қарсы алып, бірлігін бекемдей түсуі өскелең ұрпаққа өнеге. Үлкендер жағы көрісіп, бір-біріне жақсы тілегін жаудырса, аналар ас әзірлеп, ырыстың қазанын қайнатып жатыр. Жерге жас шыбық шаншыған көршілер көшені көркейту ісін де ұмыт қалдырмады.

Балалар спорттық сайыстарға қатысып, жүлдегерлерге арнайы диплом табысталды. Ақ жаулықты аналар қосыла ән шырқап, мәре-сәре күй кешті.

Әнші Үміт Медеуова шырқаған әсем ән наурыз тойының ажарын аша түсті. Жыл жаңарған тұста татулықтың үлгісін көрсеткен көршілер көтеріңкі көңіл-күйде тарады.