«Biali – 2026» республикалық марафоны мәресіне жетті. Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған желаяқтар жарысында еліміздің 8 өңірінен 400-ге тарта қатысушы бақ сынады.
«Biali» республикалық марафоны 5 және 10 шақырым қашықтықта ұйымдастырылды. Ерлер үш жас ерекшелігі бойынша межелі қашықтықты бағындырды. Яғни 35 жасқа дейін, 36-50 жас аралығы мен 50 жастан жоғары санат бойынша сынға түсті. Ал әйелдер 40 жасқа дейін және 40 жастан жоғары жас ерекшеліктері бойынша жеңімпазды анықтады. Биыл марафонның ауқымы кеңейіп, қатысушылар санының көбеюімен ерекшеленді.
72 жастағы Несібелі Оржанова күніне 10 шақырымға дейін жаяу жүруді әдетке айналдырған. Денсаулығы сыр бергенде спортты серік еткен әжей марафоншылармен бірге 5 шақырымды еш қиындықсыз еңсерді.
Марафонның тағы бір ерекшелігі мүгедектігі бар азаматтар да қатысушылар қатарынан табылды. Салауатты өмір салтын ұстанған жандар бұл ісі арқылы қоғамда кедергісіз орта қалыптастыруға үндеп отыр.
Қармақшылық Рахымжан Келманов 15 жылдан бері жеңіл атлетикамен шұғылданады. Халықаралық жарыстарда бақ сынап жүрген марафоншы 10 шақырымдық меженің жеңімпазы атанды.
Марафон соңында барлық қатысушыға естелік медальдар табысталса, жүлдегерлер арнайы диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.