#qyzylordatv
Жыл аяғына дейін тағы 4 елді мекен газға қосылады. Айта кетейік, аймақта газға қатысты бесжылдық инвестициялық бағдарлама әзірленіп жатыр. Бүгін Үкімет отырысында газ саласын дамыту және цифрландыру, ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен мәдени мұраны сақтау және насихаттау мәселелері қаралды. Бұл тұрғыда облыстағы тірліктер де пысықталып, кейбір жауаптылар сынға ілікті. Толығырақ – тілші сюжетінде.
Біздің облыста газдандыру жұмысы жоспарлы жүруде. Қала, ауданнан бөлек, 45 ауыл табиғи газға қосылды. Жыл басынан бері тағы 5 елді мекен газдандырылып, өңір халқын газбен қамту деңгейі 80,8 пайызға жетті.
БАУЫРЖАН ІЗМАҒАНБЕТОВ - ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ Ұлттың ыстық ұясы - ауылдарға баса назар аударылады. Газдың игілігін көретін елді мекендердің санын арттыру басым бағыт, - деді облыс басшысы
Жиында мәдениет мәселесіне де маңыз берілді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары қатарына аймақтан 14 элемент енген. Біраз жұмыстың ізі бар, іркіліп тұрған іс те бар, - деді сала жетекшісі. Облыстағы 567 ескерткіштің тек 88-ің ғана құжаты жасалған екен, қалғаны рәсімделмеген деген мәселені ортаға салды.
Облыста қаншама киелі жер, тамаша күмбездер, ежелгі қалалар, жұрт көрсе таңқалатын қайталанбас орындар бар, бірақ, соларға туристер тарту жағы кемшін. Неге? Бір себебі - насихаттың аздығында. Әлеуметтік желі бетінде, сан түрлі сайттарда жұртта жоқ жауһарларымыз жеткілікті дәрежеде паш етілмей тұр. Бұл - барды ұқсата алмаудың айқын көрінісі, - деді аймақ басшысы
Көп жағдайда әкімдер мен басқарма басшылары тек берілген тапсырмамен шектеледі, өз тарапынан облыс мүддесі үшін ұсыныстар беруге құлықты емес екенін аймақ басшысы ашық айтты. Бұл шын мәнінде ойлантады. Елге қызмет етуге келгендер елдік мүддені бірінші орынға қоюлары шарт емес пе еді?!
Соңғы уақытта Президент және Үкімет тарапынан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға баса мән берілуде. Облыста тұрмыстық қатты қалдықты өңдеуге қатысты 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Дейтұрғанмен, өнеркәсіпті дамыту қоры сараптамасының екінші кезеңі кешеуілдеп тұрған жайы бар. Осыған қатысты облыс әкімі тірлікке қамшы басу қажеттігін айтты. Бұл мәселелерден бөлек, алдағы мамыр айында елімізде маңызды қоғамдық-саяси шаралар өтетіні қаперге салынды. Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңістің 80 жылдығы дегендей. Осы мерекелерді жоғары деңгейде атап өтуіміз қажет, - деді аймақ басшысы.