#qyzylordatv

Екінші дүниежүзілік соғысқа Сырдария ауданынан 4786 азамат аттанса, екі мыңға жуығы жау оғынан қаза тапты. Тағы мыңға жуығы майдан даласында ауыр жарақат алып, елге қайтарылды. Осылайша, соғысқа жарамсыз деп танылған сарбаздар туған жерде ел үшін еңбек етіп, тер төкті. Олардың қатарында – Нұрғали Өтеков те бар. Тілші бейнематериалында толығырақ.

Нұрғали Өтеков 1914 жылы Сырдария ауданы, Майлықұм ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1930 жылы Ташкент қаласы, Жоғарғы-Шырышық ауданындағы жергілікті комитетте мұғалім, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметінен бастаған. Мұнан кейінгі жылдары «Правда Востока» еңбек бригадасының бөлім бастығы және осы газеттің тілшісі болды. Араға жыл салып, елге оралған Нұрғали 1938 жылға дейін «Майлықұм» бастауыш мектебінде мұғалім, Тереңөзек кентіндегі «Қызылөзек» жеті жылдық білім ошағында директорлық лауазымын атқарды. 1939 жылдың 15-ші қазанында Совет армиясы қатарына қабылданып, әрі қарай өз еркімен ұрыс даласына аттанады. Қазақ жауынгері жастығына қарамастан атқыштар полкіне қабылданып, Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысады. Оның басқарған ротасы фашистермен бетпе-бет шайқасында ерлік көрсетіп, жеңіске жетеді. Нәтижесінде, Өтеков «Соғыстағы ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз», Сталинград шайқасы», «Сталинградты азат ету» медальдарымен және бірнеше ордендермен марапатталады. Алайда, 1943 жылдың желтоқсан айында жаудың снаряд жарықшағы тиіп, сол аяғынан айырылады. Осылайша, қайсар жігіт соғысқа жарамсыз деп танылып, елге оралады.

 СЕРІК ШІЛДЕБАЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Соғыста жаудың минасынан сол аяғын ауыр жаралап, аяғы жарамсыз деп танылыпты. Дегенмен, бір аяғы болмаса да ауылға келіп еңбек етіп, ауданда және ауылда мұғалімдік қызметін жалғастырды. Балаларды оқытты, тоқытты...//

 Туған жерге оралған Нұрғали қайтадан ауыл мектебіне келіп, балаларға білім беруін жалғастырады. Ауыл тұрғындары оның еңбекқорлығы мен іскерлігін әлі күнге дейін жарыса айтып отырады.

Ал, артында қалған ұрпақтары соғыс ардагерінің ұрпағы екенін мақтан етеді.

Ұрыс даласында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қарапайым қазақ жауынгерінің ерлігі ұмытылмайды, керісінше, уақыт өткен сайын ұрпақтар жадында жаңғыра түспек.