#qyzylordatv

Соғыс оты тұтанған қарбалас кезеңде жас та, жасамыс та майдан даласына аттанды. Тіпті өрімдей бозбалалардың жасын ұлғайтып, кескілескен ұрыстың ортасына жіберген. Сындарлы сәтте сыр бермеген жерлестеріміз жетерлік. Солардың бірі қазалылық Бегайыс Өткелбайұлы. Қазақ жауынгері майданға соғыс басталған тұста аттанып, жеңіс рухымен елге оралған.

Бегайыс Өткелбайұлы 1920 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген. Шаруаға икемді азамат елге еге болып, табанды еңбегімен көзге түсті. Алайда соғыс басталған тұста алғашқылардың бірі болып майдан даласына аттанып кете барды. Қара теңіз жағалауындағы Севастополь қаласын азат етуге қатысып, бірнеше мәрте ерлік көрсеткен. Мәселен, кезекті қақтығыста бір ай бойы жау қоршауында қалып қояды. Сыр перзенті сол сынақты сәттен аман қалған санаулы солдаттың бірі екен.

НЕСІБЕЛІ ӨТКЕЛБАЕВА – ЕҢБЕК АРДАГЕРІ /Жаңа ғана жігіт болып бой түзеп келе жатқан уақытта 21 жасында Ұлы отан соғысы басталып кетіп, сонда аттанады. Сол кездеменің әкем партияға қабылданған. Соғыстың қанды майданы Севастополь майданында 250 күн күзетте болғанда жауды өткізбеуге қатысқан...05:05 Бала болсақта сұрадық, ол айтатын. Түніменен ұшақтан оқ түседі, сосын ат дайындаймыз деді. Азанда апаратын құпия құжаттар бар. Қайтыс болған солдаттардың арасынан өтеміз деді ғой. Венгрияда неше күн жаяу жүргенін айтты/

 Антына адал азамат Украина жерін азат ету майданына қатысып, соқтықпалы-соқпақты жолдан өтті. Бегайыс Өткелбайұлы соғыс аяқталған соң елге оралып, теміржол саласында 20 жыл бойы еңбек еткен. Бірақ бейнеттен бел жазбаған азаматтың ғұмыры келте болды. Небәрі 46 жасында жарық жалғанмен қоштасқан. Дегенмен, жаужүрек батырдың ерлігі ұмытылмауы тиіс.

НЕСІБЕЛІ ӨТКЕЛБАЕВА – ЕҢБЕК АРДАГЕРІ / Кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған кісі ғой, сондықтан ол кісінің еңбегі ешқашан ұмытылмайды деп есептеймін. Осындай наградаларын дәлелдегеннен кейін аудандық әскери бөлім барлық құжаттарын мақұлдап берді. Қазалы қаласындағы жеңіс паркінде ол кісінің аты-жөні жазылған. Биыл жеңіске 80 жыл толады. Сондықтан еңбегі еленсе деймін/

Әрине, өзекті жанға ажал аждаһа бір соғары белгілі. Десе де, Сыр батыры қиянкескі майданның қылбырауынан аман өтіп, елге келіп еңбек етіп, ұлықты ұрпақ өсіруі дәуренінің босқа өтпегенін айғақтайды. Ұлағатына бойласақ, кейіпкеріміз қилы кезеңнің қиындығына мойымай, бейбіт күннің бақытын жақындатқанын ұғына түсеміз.