#qyzylordatv

«БІРЛІК ПЕН КЕЛІСІМ жолындағы 30 жыл». Дәл осы тақырыпта Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 27-ші сессиясы өтті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Абден, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев та осы достық алаңынан табылды.

Аймақ басшысы елдегі бірліктің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясындағы жұмыстарға тоқталды. Қараша айында бұл ұйым жаңа «Достық үйіне» қоныс аударады.

 Сессияда этносаралық келісімді одан әрі нығайтудағы жұмыс бағыты айқындалды. Аймақ басшысы өңірдегі этносаралық жұмыс жоспарын жан-жақты талдап, оның тиімділігін арттыру мақсатында нақты ұсыныстар әзірлеуді және кеңес отырыстарын жүйелі түрде өткізуді тапсырды. Жиында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қазір әлем сындарлы шақты басынан өткеруде, дәл осы кезде елдің бірлігі ауадай қажет екенін айта отырып, Қазақстан әрдайым бейбіт ел болып келгенін және осы ұстаным одан әрі жалғасатынан сенім білдірді.

 Сондай-ақ, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Дильфура Байрахтарова, «DaRALAce» шығармашылық үйінің негізін қалаушы Светлана Цой, тағы басқа да өкілдер өз ой-пікірлерін ортаға салды. Салтанатты шарада бірқатар азамат Қазақстан халқы ассамблеясының мерекелік медалімен, ҚР Президенті Әкімшілігі ассамблея хатшылығының Алғыс хатымен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Дана халқымыз қашанда ауызбіршілікті ардақ тұтқан. Тасқа да, санамызға да қашалған Білге қағаннан қалған өсиет бар: ол - ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ! Сол бақытымыз мәңгілік болғай!