#qyzylordatv
Ер есімі ұлықталған дода. Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылында ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ыдырыс Байтілесұлын еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті. Боз кілемдегі белдесуде еліміздің әр аймағынан келген 200-ге жуық жасөспірім бақ сынады.
Ыдырыс Байтілесұлы қарапайымдылықты қасиет төресі санап, адал еңбекпен ер атанған. Көз көргендер оның осы бір бөлек болмысын әлі күнге дейін аңызға бергісіз әңгімелеп отырады. Туған жерін түлетуді көздеген азамат кеңестік кезеңде ұзақ жылдар бойы «Еңбекші» кеңшарына басшы болды. Сол тұста аядай ауыл шопан ата түлігін көбейтіп, ет өндіруден ауданда көш бастаған. Ең бастысы, Ыдырыс Байтілесұлы елдің сол ортақ қазынасы кім көрінгеннің қолында кетпес үшін табанды тірлік еткен азамат.
НҰРТӨРЕ ЖҮСІП – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ / Еңбекші совхозы қаракөл қойын өсіруге бағытталған үлкен шаруашылық еді. Осында бір ферманың өзінде 40 мыңнан астам қаракөл қойы болатын. Сондай үлкен 3 ферма болды шаруашылықта. Соны жекешелендіру процесі басталды. Сол кезде барынша осы елдің мүлкін талан-таражға салып жібермеу бағытында көп қайратты жұмыс жасады. Көп техникалар сақталып қалды. Өте қиын кезеңде шаруашылық басында болды.../
Ыдырыс Байтілесұлы дүние дәуреннен ерте көшсе де, есімін елі ұмытқан жоқ. Мұны еске алу шарасына келген көп көңілінен байқадық. Еңбек адамын дәріптеген спорт бәсекесі биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Есесіне дәстүрлі сипат алатын түрі бар. Облыстық ашық турнирге өңір өрендерімен қатар, көршілес Түркістан облысының жастары қатысты. Ал олардың әр әдісін әділ бағалауға жоғары дәрежелі төрешілер шақыртылған.
Еске алу турнирінде спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Бәрінің жеңіске деген құлшынысы жоғары. Жас өрендер қазақ күресінің сан түрлі әдіс-айлаларын еркін меңгерген. Бұл төл спорттың болашағы жарқын екенін аңғартады.
Жалпы, Еңбекші ауылында соңғы жылдары бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Содан болар, еске алу турнирінде жергілікті өрендер барлық салмақта сынға түсті. Ал оларға көпшілік ерекше қолдау көрсетіп, дем беріп отырды.
Осылайша шағын турнир арқылы шәкірттерді шыбықтайынан шыңдап, оларға еңбек адамының тұлғалық болмысы насихатталып отыр. Сайыс жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар мен алғыс хат табысталды.