#qyzylordatv
Биыл виртуоз музыкант, композитор, әнші Батырхан Шөкенов тірі болғанда 63 жасқа толар еді. Бірақ өзі кетсе де, оның өнері өлген жоқ. Күні кеше Сыр көгінде Батыр салған сазды әуендер шырқалды.
«Отан-Ана». Осы әннің алғашқы нотасы ойнаған сәтте Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр атырап көз алдыңа елестейді. Мұндай тамаша туындыны тыңдарманға тарту еткен біздің Батыр болатын. Оның қай шығармасын алсақ та ұлттық болмыстың исі бұрқырап, елді елітіп әкетеді.
ӘЗИЗА ІЗДІҚҰЛОВА – РЕЖИССЕР / Жалпы, Батырдың шығармашылығына, оның туындыларына деген қызығушылық, сүйіспеншілік өте көп бізде. Осындай жерлесіміздің болғанына, осындай өнер иесінің болғанына осындай керемет туындыларымен біз сусындап жүргенімізге қазіргі ұрпақ, біздің замандастарымыз бақыттымыз деп ойлаймын.
«Өнер арбатына» жиылған жұртшылықтың қарасы қалың. Барлығы да Батырды сағынған. Оның репертуарындағы «Анажан», «Стоп. Ночь», «Солдат любви», «Джулия» сынды әндер тыңдарманды ерекше күйге бөледі. "Сыр самалы" және "Мереке" вокалды аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен Сыр аспанында Батыр салған әндер шырқалды.
ВАЛЕРИЙ ТУРОВСКИЙ – МУЗЫКАНТ // Батыр жайында көп айтуға болады. Ол өте еңбекқор еді. Мұндай қайталанбас тұлғалар, тума таланттар жоқтың қасы. Мықты музыкант. Батырды, оның шығармашылғын барлығы да жақсы көрді. Мен Мәскеуде болғанда «қызылордалық екенімді» айтып едім «Батырды білесің бе?» деп сұрайтын. Міне, тамаша концерт өтіп жатыр. Бірақ, Батырдың болмағаны өте өкінішті.
Батыр - бірегей болмыс иесі. Батыр - тума талант, тұғырлы тұлға. Батыр - мәртебелі музыкант. Саз әлемінің сиқырын өн бойында сыйдырып, тыңдармаған тарту еткен Сыр перзенті ел барда ешқашан ұмытылмайды.