#qyzylordatv

Еліміздің денсаулық сақтау министрi Ақмарал Әлназарова «Қазақ Республикалық лепрозорий» мекемесінің жұмысымен танысты. Емделушілермен кездесіп, ұсыныс-тілегін тыңдады.

 Бұл еліміздегі жалғыз лепрозорий. Бүгінде мұнда қырықтан астам науқас ем алып жатыр. Жалпы еліміз бойынша лепра ауруымен 224 науқас тіркелген. Дертке шалдыққандардың барлығы Талдыаралдағы емдеу мекемесіне келіп, қажетті ем-домын алады.

 МОЛДАҒАЛИ СЕЙТАЛИЕВ, «ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЛЕПРОЗОРИЙ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАС ДӘРІГЕРІ \Бүгінгі таңда 41 адам жатыр. Олар негізінен жасы келген мүгедек адамдар. Мүгедектігіне байланысты, жарасына байланысты көптеген жерлерге барып көріне алмайды. Сол себепті барлық ем шараларды бізде алуға мәжбүр. 224 деген көп адам емес. Жыл көлемінде қадағалап тұруға мүмкіндігіміз бар. Мамандар жеткілікті оған\

 Елімізде аты жаман ауру соңғы рет 2017 жылы анықталған. Науқастардың орташа жасы – 75 жасты құрайды. Негізінен, лепраға шалдыққан адамның дене мүшесінен өзгеріс байқалады, бет-аузы, аяқ-қолы тартылып, терісі өзгеріске ұшырайды. Мамандандырылған лепрозорий мекемесінде науқастарға зертханалық диагностика, физиотерапия, оңалту, массаж сияқты қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Орталық жұмысымен танысқан министр дәрігерлердің лепра ауруы бойынша білімдерiн арттыру керектігін айтты.

 АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРI \ағарту жұмыстарын күшейту керек. Ғылым жағынан жобалар жасау керек деп ойлаймын. Себебі, алдағы уақытта ситуация қандай болады қазірден бастап ғылыми тұрғыдан зерттеп, болжап бұл мемлекет үшін керек....\

Лепра ХІХ ғасырдың орта шенінде әлемді дүрбелеңге салған өте қатерлі сырқат түрі саналды. Бертін келе аурудың шипасы табылып, жылдам таралуы тежелді. Адамзатқа қаупі ауыздықталды. Дей тұрғанмен, оның зардабын тартып, мұнда өмір бойы ем алып жатқан емделушілер де бар. Аурухананың бүгінгі ахуалын көзбен көрген Ақмарал Әлназарова төрт қабырғада қамалып отырған науқастарға барынша жағдай жасап, қосымша үйірмелер ашуды тапсырды.