#qyzylordatv

Әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында шағын футболдан Ішкі Істер Министрлігінің кубогы сарапқа салынды.

 Жеке құрамның спорттық бабын шыңдап, өзара әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған турнир өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылды. Екі күнге созылған жарысқа 11 команда қатысты. Тартысты дода «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығымен тұспа-тұс келді.

 ГҮЛАЙЫМ ХАЙРУЛЛА – «ДИНАМО» ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-СПОРТ ҚОҒАМЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ // Жігіттер бір-бірімен әріптестік байланысын нығайту үшін әрі физикалық дайындықтарын күшейту мақсатында турнирді ұйымдастырып жатырмыз. Нәтижесі жаман емес. Жан-жақтан жиылған қызметкерлер бір команданың намысын қорғап, біріге жұмыс жасап жатыр. Турнирді жылда ұйымдастырып тұрамыз//

 11 команда өзара төрт топқа бөлінді. Алдымен, топтық кезеңнің ойындары өрбіп, үздік шыққандары әрі қарай плей-оффта өзара мықтыны анықтады. Алаңдағы кездесулер талас-тартысқа толы болды.

 ОРАЛБЕК ОМАРОВ – ОПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ // Қызылорда облысы полиция департаментінің командасы бар. Былтырғы жылдың қорытындысымен әуесқойлар лигасында 2-орын алған. Сол жігіттер ойнап жатыр. ІІМ командасының құрамында республика көлемінен жиналған 12 адам болатын болса, соның екеуі біздің жігіттер. Бұл да үлкен мәртебе//

Плей-оффтағы тартысты кездесулер жарыстың көрігін кіргізіп, күтпеген нәтижелер тіркелді. Жүлделі үшінші орынға Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік Күзет Қызметінің жігіттері таласты. Осыған дейін, турнирдің бірнеше мәрте жүлдегері атанған Күзет қызметі бұл жолы күтпеген жерден жүлдесіз қалды. Ал, финалда былтырғы жылдың чемпиондар Ішкі Істер Министрлігі мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің құрама командалары кездесті. Бағы мен бабы қатар шапқан Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті қарсыластарын пенальти сериясында жеңіп, турнирдің чемпионы атанды.

 АРМАН СЕНГІРБАЙ – «ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ» КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ // Бұл турнирда бір емес бірнеше рет чемпион болдық. Финалда МВД-мен екінші рет кездестік. Группада жеңіліп едік. Осы жолы Құдайға шүкір жеңдік. Чемпион болдық//

 Жарыс қорытындысымен жеңімпаз командаға Ішкі Істер Министрлігінің ауыспалы кубогы табысталды. Ал, жүлдеге іліккендері арнайы медаль және бағылы сыйлықтармен марапатталды.