#qyzylordatv
Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетовке «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Асқаралы алпыс жасқа толған азаматты облыс әкімі құттықтап, зиялы қауым өкілдері ізгі лебізін білдірді.
Еңбек жолын жұмысшы маман ретінде қарапайым электрик болып бастаған Мархабат Жайымбетұлы мәжіліс мінберіне дейін мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтті. Қай қызметте де өзін білікті басшы, мықты ұйымдастырушы ретінде танытқан ол Қызылорда қаласы және Арал ауданының әкімі, облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, екі мәрте облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып, қоғам құрметіне бөленді.
Мемлекет мүддесі, аймақ игілігі мен халық мұраты жолында табысты еңбек етіп келе жатқан Мархабат Жайымбетовке дәстүрге сай Сыр жұртшылығы атынан сый-құрмет көрсетілді.
Жиында саналы ғұмырын аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына арнаған Мархабат Жайымбетовке әріптестері де ізгі лебізін білдіріп, елдік істі еңсерудегі еңбекқорлығы мен табандылығын ерекше атап өтті. Мәжіліс депутаты халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды бастамаға үн қосып келеді.