#qyzylordatv

Қызылордада «Айбын – 2025» халықаралық әскери-патриоттық жиынының он бірінші облыстық іріктеу сайысы өз мәресіне жетті. Дәстүрлі жиынға қала және аудан мектептерінен 150-ден астам жас сарбаз қатысып, әскери-қолданбалы 8 спорт түрінен сынға түсті.

 Аптап ыстықта полигонда жүгіріп, кедергілерден өтіп, тапсырма орындау – оңай шаруа емес. Бірақ жас сарбаздар үшін бұл – ерік пен төзімнің, тәртіп пен табандылықтың мектебі. Әскери кросс кедергілері үшін шалт қимыл, шынайы шымырлық қажет.

ЖАНСЕРІК МАҚШАТОВ – ҚАТЫСУШЫ

Қызылорданың ыстық күнінде оңай емес. Балалар енді оған қарамай, сынбай, бір-бірінен озып, мықтылығын көрсетіп жатыр. Ағаларымыздың ізін жалғап ел қорғап, жер қорғағым келеді.

НАЗИРА АЛМАС – ТІЛШІ

Мұнда шекарашы болудың қандай қиын екенін түсіне бастайсың. Мен де қатысушылармен бірге кросс кедергілерінен өту үстіндемін. Әр кезеңнен өткен сайын физикалық тұрғыда ғана емес, психологиялық тұрғыда мықты болу керек екенін түсінесің. Кейде бейбіт, тыныш өмірдің артында осындай тер мен төзім жататынын байқай бермейміз.

 Аралдық Мүбәрәк Қабылхан да бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Шекара шебінде елі мен жерінің тыныштығын күзету оның бала күнгі арманы екен. Сондықтан тек жекелей ғана емес, командалық сайыста алда болуға барын салды.

 МҮБӘРӘК ҚАБЫЛХАН – ҚАТЫСУШЫ

Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Алғашқы күні АК-74 қаруын бөлшектеп-жинау, арқан тарту сияқты сайыстар болды. Арал командасы алғашқы орындарды алды. Кешке Жеңістің 80 жылдығына арналған “Айбын жұлдызы” қойылымын сахналадық. Жекелей жарыста 50 ұпайдың 40-ын жинадым. Әскери пәнге бала күнімнен қызығамын. Бұл сайысқа әпкем де қатысқан, мен де болашақта шекарашы болғым келеді.

Жиын барысында «Сыр жастарының генералы» лентасы облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Ыдырысұлына табысталды. Екі күнге созылған жарыс нәтижесі бойынша: І орынды – Қызылорда қаласының командасы еншілесе, ІІ орын – Арал ауданының командасына бұйырды. Жүлделі ІІІ орын – Жаңақорған ауданының командасына табысталды. Одан бөлек жеке аталымдар бойынша оқушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 СЕРІК АБУСҰЛТАНОВ – ҚР ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Жас Отан қорғаушылардың сайысы болды, екі күндік жиыны өтті. Оқушылардың арасында өздерін жақсы көрсеткендер марапатталды. Шаралар әріқарай жалғасын табады деп ойлаймыз. Қызылорда қаласы бойынша жас оқушылар бірінші орын алды.

 АЙБОЛАТ ЕРНАЗАРОВ – АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҮШ ТІЛДЕ ОҚЫТАТЫН ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕПТІҢ АӘД ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ

 Екі күнге созылған сайыс өз нәтижесін берді. Құдай қаласа, Ақтөбе қаласындағы республикалық кезеңге жолдама алдық. Қызылорда облысының намысын қорғап бірінші орынды алып келеміз деген сенімдемін. Шілде айының 25 басталып, бір аптаға созылады.

 «Айбын» – жас ұрпақтың отаншыл рухын оятатын мектеп. Бұл – тек сайыс емес, болашақ сарбаздардың шыңдалу алаңы, ел қорғайтын ерлердің алғашқы баспалдағы.