#qyzylordatv
Олжас Бектенов IV Ташкент инвестициялық форумына қатысты. Премьер-министр форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде инвестиция тарту экономиканы дамытудың негізгі факторы екенін атап өтті.
Сонымен қатар Үкімет басшысы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, энергетика мен логистикадағы өңірлік әріптестікті тереңдету, маңызды пайдалы қазбалар саласын дамыту, сондай-ақ цифрландыру және орнықты өсуді қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Жақында өткен Астана экономикалық форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Орталық Азияның тұрақтылығы берік, ынтымағы бекем, болашағы айқын болғанын қалайтынын ерекше атап өтті, - деді Олжас Бектенов. Қазақстан Үкіметі өзара сенім мен орнықты даму рухында табысты және ұзақмерзімді жобалар құруға дайын.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Инвестиция тарту – өңірдің экономикалық парадигмасының негізгі факторы. Қазақстан 2029 жылға қарай экономикаға кемінде $150 млрд көлемінде шетелдік капитал ағынын қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Бұл – ауқымды әрі барынша биік мақсаттар, оған қол жеткізуге әбден болады. Ол үшін ұлттық экономиканы құрылымдық қайта құруға бағытталған ауқымды реформалар табанды түрде жүргізілуде.
Форум аясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасының Премьер-министрін қабылдады. Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзі мен ізгі тілектерін жеткізді. Кездесу барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, өнеркәсіптік, су-энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері қаралды.