#qyzylordatv

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы өз құнынан үш есе қымбат бағаға керуеттер сатып алған. Яғни, бір керуеттің бағасы бақандай 1 миллион 200 мың теңге деп көрсетілген. Еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен аурухананың лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтап, қылмыстық іс сотқа жолданды.

  Тергеу органы таратқан іс материалдарына сүйенсек, мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке аурухананың бас есепшісі іліккен. Ол жұбайы дайындаған жалған баға ұсыныстарын қолданған көрінеді. Өткізілген тендердің нәтижесінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен аурухана арасында жалпы құны 259 млн теңгеге 220 медициналық кереует сатып алуға шарт жасалған. Шын мәнінде,керуеттің нақты сатып алу бағасы 460 мың теңгеден әрі аспаған.

 Осылайша, негізсіз қосылған шығын көлемі 129 млн теңгені құрапған. Тергеу барысында күдіктілердің 111 млн теңге тұратын мүлкіне тыйым салынып, мемлекетке келтірілген 129 млн теңге көлеміндегі залал толық көлемде өтелді. Бас есепші 2 ай мерзімге қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.