Қазалы ауданы индустриясы дамып, әлеуеті артқан өлкеге айналып келеді. Жарты жылдықтың қорытындысымен ауданның бюджеті 27 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл жыл басында бекітілген мөлшерден 43 пайызға артық. Мұның барлығы табанды тірлік пен тегеурінді талаптың нәтижесі.


МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ //Ауданның өз кірістерінің жоспары 3,1 млрд. теңге болып бекітілді. Бүгінгі күнге жоспар 556,5 млн. теңгеге ұлғайтылып 3,7 млрд. теңге болып нақтыланды. 2025 жылдың 6 айына өз кірістеріміздің жоспары 2,3 млрд. теңге болса, нақты 2,4 млрд. теңгеге орындалды. Аймақ басшысы жылдық жоспардың орындалуын 4 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырған болатын. Бүгінгі күнге нақтыланған жоспар бойынша 2025 жылдың 6 айында 64,3 пайызға, орындалып отыр. Жыл соңына дейін жоспарды 4,1 млрд теңге көлемінде орындап шығу межесі қойылып, бекітілген жоспардан қосымша 1,0 млрд теңгеге жуық түсім түсіреміз деген болжамымыз бар. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9,4 млрд. теңгені құрап, жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 11 есеге өсті//


Бүгінде кәсіпке ынталы жандарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Тек соны жүйелі жүргізіп, қаржыны мақсатты жұмсау қажет. Бұл ретте, Қазалыда толымды тірліктер атқарылып жатыр. Жыл басынан бері ауданда жаңадан 23 кәсіптік нысан бой көтеріп, 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында 236 жоба жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, аудан кәсіпкерлері «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отыр. Жалпы, өлкеде шағын және орта кәсіпкерлер саны 5 мыңнан асып, белсенділік көрсеткіші 97 пайызға жеткен.


Ауданның ауыл шаруашылығында да ілгерілеушілік байқалады. Жыл басынан бері Қазалыда мың тонна күріш, 400 тоннадан астам балық өндіріліп, 3200 тонна қамыс жиналса, шет елдерге 4728 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды. Ал, мал басы 55 мыңға жуықтады. Сондай-ақ, дариядағы су деңгейінің төмендеуіне байланысты күріштік көлемі 800 га-ға кеміді. Сондықтан, қазалылық диқандар егінді әртараптандыруға көшкен.


МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ //Биыл аудан диқандары 17 445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде күрішті 5636 гектарға екті. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 5 881 га, майлы дақылдар 500 га, картоп, көкөніс, бақша 2164 га, мал азықтық дақылдар 8900 га. Жуық арада ғана ауданымызға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен келіп, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты шаруашылық басшыларымен кездесіп, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ алдағы шаруашылықтарға қажетті арнайы су насостарымен көмек көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ауданға арнайы келіп, Қазалы ауданында Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен 440,7 млн теңгеге 33,5 гектар аумаққа салынған тұқымбақтың жұмысымен танысты. Аталған тұқымбақта бүгінде сексеуіл мен басқа да ағаштардың көшеттері отырғызылып, Арал теңізінің құрғаған табанына егілетін болады//


Ауданда коммуналдық мәселелер оң шешімін табуда. Бүгінде, Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді-мекендеріне ауыз су тартылып жатыр. Бекітілген межеге сәйкес қыркүйек айында жұмыс аяқталған соң, аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Электр энергиямен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ал, елді-мекендерді газдандыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жыл соңына дейін 3 ауыл көгілдір отынға қосылады.


МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ //Ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасуда. Электр энергиясымен қамтуға қатысты айтар болсақ, өткен жылы ауданда 3 жоба жүзеге асты. Биыл Қазалы қаласы мен Қожабақы ауылының электр желілерін жаңартуға қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Аудан тұрғындарын табиғи отынмен қамтамасыз ету жайына ойыссақ, газбен қамтудың индикаторлық үлесі қала және елді мекендер бөлінісінде 21 пайыз, жеке тұрғын үйлердің 74,4 пайызы газға қосылған. Елді мекендерді газдандыруда 2024 жылдан бері 3 жоба жүзеге асты. Бұған дейін Абай, Ақтан батыр ауылдарына газ желісі тартылып, пайдалануға берілді. Мұнан бөлек, Ақсуат, Байқожа, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдарын газдандырудың жоба-сметалық құжаттары әзірленді//


Қазалылықтарға қиындық туғызып келген бір күрделі мәселе – дарияның арғы бетіндегі халықпен байланыс орнату болатын. Енді бұл қиындық та шешіледі. «Қарлан» учаскесінде құрылысы басталған көпір халықтың талап тілегінің нәтижесі болмақ. Мұнан бөлек, аудан орталығында биыл 2 пәтерлі 50 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 100 отбасыға баспана кілті табысталмақ. Оған қоса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені және ойын алаңдары салынуда. Жолдар да жөнделіп жатыр.


МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ //Жалпы ауданның коммуналдық меншігінде барлығы 375 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бар. Оның ішінде 259,1 шақырым асфальтты, 82,4 шақырым қиыршық тасты және 33,5 шақырым топырақты жолдар. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 91 пайызды құрайды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында барлығы 23 жоба, оның ішінде Әйтеке би кентінен 19 көшені, елді мекендер бойынша 4 көшені орташа және күрделі жөндеу, Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту, Жанқожа батыр ауылының кіреберіс жолы мен «Әлсейіт» көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі аралықты күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды//


Биыл Қазалыда бір жайлы мектеп салынып, 9 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, аудандық көп бейінді орталық ауруханасының жанынан 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы басталды.


МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ //Аудан халқына жоғары және сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған орталықтың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жоба бойынша кардиология және инсульт орталығының құрылысы аяқталғаннан кейін онда бүгінге дейін аудан тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып келген МРТ құрылғысы орнатылып, тиісті мамандардың білімі жетілдірілмек. Осындай соңғы үлгідегі жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі мен жаңа қазіргі заман талабына сай салынған ғимараттар аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал ететін болады//


Жалпы, Қазалы ауданының әлеуеті өте жоғары. Қай салада болмасын жылдан жылға ілгерілеушілік пен қарқынды қарекет байқалады. Айтпақшы, Әйтеке би кентіндегі 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалында күрделі жөндеу жұмыстары басталып, сол маңдағы теміржол өткелі де қайта салынуда. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне берілмек.