#qyzylordatv
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірге жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Жаңақорған мен Шиелі аудандарындағы суармалы егіс алқаптарының жағдайымен танысты.
Биыл облыста 189 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Күріштің көлемі 81 мың гектарға жуықтайды. Бұл жалпы егіс көлемінің 43 пайызын құрайды. Мамандар тіршілік нәрі жылдағыдан төмен екенін айтып отыр. Сондықтан шаруалар шығынсыз шығу үшін жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
АҚТАН МОМЫНҰЛЫ – ДИҚАН //Ауылдық округ бойынша 10 шақты насос жұмыс істеп тұр ғой. Жеке шағын шаруашылықтар шағын насос қойып жатыр. Ірілері СНП 500-дік насостар қойып жатыр. Биыл 150 гектарға жақын күріш дақылын отырғызғанбыз. 50 гектар жер судан қалып тұрмыз. Қалған 100 гектарды қашыртқылардан насос арқылы ұстап отырмыз.
Дәл қазір өңірде бес магистральдық және үш шаруашылықаралық канал бойынша кезектесіп су беру жүргізіліп жатыр. Егіс алқабының 98% пайызы кезекпен суарылуда.
ТАЛҒАТ ДҮЙСЕБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ /// Жалпы, облыс бойынша қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану бойынша 324 насос қондырғылары жұмыс жасауда. / Айта кету керек, үкімет тарапынан суару маусымында 25 жылжымалы насос қондырғыларын жеткізіп берді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл жағдайдың күрделі екенін ашық айтты. Сондықтан күріш алқабын лазерлік тегістеудің маңызды екенін жеткізді. 55 мың гектар күріш алқабын лазермен тегістеудің арқасында Қызылорда облысында 200 млн текше метр су үнемделді.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ - ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ //Биыл 81 мың ресми түрде егілді. Соның 60 мың гектары лазерлік тегістеуден өткен. 100 пайыз пайдалануымыз керек. Себебі суды үнемдеу керек.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов «қазіргі жағдайда су үнемдеу технологияларын қолданысқа енгізу қажет» деді. Бұл бағытта министрлік тарапынан жан-жақты қолдау барын жеткізді.