#qyzylordatv

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кезекті тур ойындары өтті. Жергілікті «Қайсар» өз алаңында «Қызылжарды» қабылдап, тартысты өткен матчта маңызды жеңісіне қол жеткізді.

Өткен турда алматылық «Қайраттан» ұпай алып келген дала қасқырлары алаңға көтеріңкі көңіл-күйде шықты. Ал, биыл премьер лигада бірқатар қиындыққа тап болған петропавлдық команда үшін бұл ойында жеңілмеу маңызды еді. Дегенмен, алаң иелері кездеу басталысымен шабуылға лап қойып, нәтижесінде Никита Губарев небәрі 3-ші минутта есеп ашты.

 Жылдам голдан соң «Қайсар» бірнеше мәрте қарсыластың қақпасын торуылдады. Бірақ, теріскейден келген команда ширақ қимылдап, алаң иелеріне қиындық тудырды. Бірінші таймда қос команда бір-біріне алма-кезек шабуылдаумен болды.

 Ал, екінші таймда ойын көбіне алаң ортасында өрбіп, футболшылар жиі ереже бұзды. Осылайша, матчтың екінші жартысында екі команда да тең дәрежеде өнер көрсетті. Тек ойын аяқталуға жақындаған тұста қызылордалық жартылай қорғаушы Абылайхан Төлегенов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. 10 ойыншымен қалған қасқырларға қарсы қызылжарлықтар қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, есепті теңестіруге тырысты. Дегенмен, таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды.

 Қорытынды есеп 1:0, «Қайсар» өз алаңында маңызды 3 ұпайына қол жеткізді. Осы турдан соң қызылордалықтар 17 ұпаймен 10-шы орынды сақтап қалды. Ал, келесі ойынды сырт алаңда «Астанаға» қарсы өткізеді.