#qyzylordatv

Арал ауданында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Мәдениет – ұлттың мәйегі» атты салтанатты шара өтті. Кеште теңізді өлкеге концерттік-гастрольдік турмен келген «Astana Musical» мемлекеттік театрының ұжымы өнер көрсетіп, аралдықтардың құрмет-қошеметіне бөленді.

Мемлекет басшысы «Мәдениет – ұлттың болмысын айқындайтын негізгі рухани тірек. Қазақстанның әлемдік деңгейде танылуы ең алдымен оның өнері, тарихы мен бай рухани мұрасы арқылы қалыптасады»,-деген болатын. Сондықтан ұлттық өнерді ұлықтап, құнды қазынаны құнттап, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген сала қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Омарұлы теңізді өлкенің рухани дамуына үлес қосып жүрген өрелі өнер иелерін мерекемен құттықтады.

Мерекелік кеште аудандағы түрлі мәдени-көпшілік шараларға қатысып, саланың дамуына елеулі үлес қосып жүрген мәдениет майталмандары облыс, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Құрмет төрінен көрінгендердің бірі Гүлбану Матығұлова. 35 жылдық тәжірибесі бар білікті маман аудандық мәдениет үйінің жанындағы жылжымалы мәдени кешенге жетекшілік етеді. Өнерлі жастардың басын біріктіріп, шалғайдағы елді мекендерде концерттік бағдарламалар қояды. Гүлбану Қуантқанқызы бүгінде ел арасындағы талантты өрендерді жинап, шәкірт тәрбиелеп жүр.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасы аясында Арал ауданына гастрольдік сапармен келді. Кеште «Astana Musical» мемлекеттік театры өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Талантты қыз-жігіттерден құралған өнер ұжымы қазақтың халық әндерінен бастап, шетелдің озық шығармаларына дейін жанды дауыста шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл - күй сыйлады. Айта кету керек, «Халық әуені» - ұлттық музыкалық мұраны жаңғыртуға бағытталған, халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен рухани қазынасын заманауи форматта насихаттауға арналған бірігей жоба.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік кадемиялық концерттік ұйымына аралдықтардың атынан алғаусыз алғысын жеткізіп, шығармашылық ұжымға құрмет көрсетті.