#qyzylordatv
Егінжайдан ақпар. Өңірімізде көктемгі егіс жұмыстары агротехникалық мерзімге сәйкес бірінші маусымға дейін толық аяқталады.
Бүгінде картоптың 230 гектары, көкөністің 3,8 мың гектары және бақшаның 4,9 мың гектары егілді. Ал негізгі дақыл күріш 50 мың гектарға жуық алқапқа себіліп, оның басым бөлігі суға бастырылған.
Жалпы аймағымызда 185 мың 800 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп жатыр. Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдарды азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 мың 900 гектарға қысқартылып, 70 мың гектарға дейін төмендетілді. Өңірде су үнемдеу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Су тапшылығының алдын алу және агротехнологиялық талаптарды сақтау мақсатында барлық аудандарда арнайы жұмыс топтары құрылды. Олар су лимитінің сақталуын, каналдар арқылы судың тиімді бөлінуін және күріш көлемінің белгіленген межеден аспауын бақылауда ұстап отыр.
Және бір ақпар, «Кең дала» бағдарламасы аясында 59 шаруашылыққа 8 млрд 800 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.