#qyzylordatv
Қазақ даласында күй де, күйші де, күй орындаушы да аз болған жоқ. Қос ішекті аспапта шебер ойнап, дәстүрлі өнерді дәріптеушілердің алтын тіні әсте үзілген емес. Жыр мен саздың талбесігіне айналған өлкемізде ұйымдастырылған жас күйшілер байқауы сөзімізге дәлел.
Жас күйшілер байқауы Жыраулар үйінде өтті. Аймақ өнерпаздарының басын қосқан додада домбыра шанағынан күмбірлеген күй төгілді. Өнерге құштар жеткіншектер сахна төрінде орындаушылық шеберлігін паш етті. Бұл өскелең ұрпақтың күйшілік өнердегі алғашқы қадамдары.
Ал қазалылық Ернар Кішкене де кішкентайынан қос ішекті домбыраның қоңыр үнімен тербеліп, сиқырлы сазына елтіп өсіп келеді. Сондықтан қағыстары қазірден ширақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – тек таланттарды анықтау емес, сонымен қатар ұлттық музыкалық мұраны сақтау және балалардың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттыру.
Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.