#qyzylordatv
Жасанды интеллект құқықтық жүйені жаңа деңгейге шығарады. Қызылордада «Цифрлық дәлелдемелер және алгоритмдер» деген атаумен тергеушілер форумы өтті. Заң мен тәртіп қағидаты аясында ұйымдастырылған жиында құқық қорғау саласында IT-технологияларды қолдану мәселесі кеңінен талқыланды. Форумға күштік құрылым басшылары, прокурорлар мен тергеушілер және IT мамандар қатысты.
Құқық қорғау саласында IT-технологияларды қолдану маңызды. Бүгінде өңірімізде қылмыстық процесс, әкімшілік сот ісін жүргізу, мемлекеттік бақылау және азаматтардың өтініштерімен жұмыс толықтай цифрландырылған. Ендігі міндет - жасанды интеллект көмегімен қылмыстық процесті жетілдіру, дәлелдемелерді жинау мен бағалау сапасын көтеру, цифрлық профилактика жүргізу. Сонымен қатар тергеу барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы ерекше назарда болуы маңызды. Осы орайда форум барысында түрлі бағдарламалар таныстырылымы болды. Соның ішінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері «PhishGuard» жобасын ойлап тапқан. Цифрлық алаяқтыққа қарсы жұмыс істейтін интеллектуалды қорғаныс жүйесі қарапайым қолданушылардың, мемлекеттік ұйымдар мен корпоративтік ақпараттық жүйелердің интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Ерекшелігі сол – қандай да бір сайтты ашқан сәтте-ақ оны автоматты түрде тексеріп, қауіп деңгейін анықтай алады. Сонымен қатар жиында «TERGEU PRO» жобасының тиімділігі туралы айтылды.