#qyzylordatv
Қалада қадағалаусыз жүріп, қаңғыбастыққа салынған 98 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Сондай-ақ баласына бақылау жасамай, ата-аналық міндетін орындамаған 3 тұрғын сот құзырымен құқығынан айырылса, тағы екеуінің құқығы шектелген. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселесі бүгін қалалық қоғамдық кеңес отырысында қаралды.
Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 30,8 пайызға төмендегенімен, олардың арасында топ құру немесе топтық төбелестер өсім алған. Сонымен қатар, оларға қарсы жасалған қылмыстар 38,1% пайызға өскен. Яғни мұндай 29 дерек тіркеліпті. Құзырлы орган өкілдері профилактикалық жұмыстар барысында кезбелікке салынған жүзге жуық жасөспірімді бейімдеу орталығына орналастырған. Ішкі істер органдарының есебіне 81 ата-ана, 71 жасөспірім алынған.
Қоғамдық кеңес мүшелері мәселеге қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды. Мұнан соң діни тұрақтылықты қамтамасыз ету барысындағы жұмыстар тыңдалды. Қала аумағында 7 конфессияны қамтитын 34 діни бірлестік ресми тіркеліп, заң аясында қызмет атқаруда. Діни әдебиеттердің таралуына және оларды сату орындарының заң талаптарын сақтауына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде 3 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, кітап, діни мазмұндағы жазбалар секілді 15 зат тәркіленген.
Қоғамдық кеңес отырысына өзек болған тақырыптың тағы бірі – қаланың бас жоспары. Қала аумағы саяжай массивтері есебінен 172 гектарға ұлғайып, қаланың шекара шегі 20 700 гектар болып мақұлданды. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағында орналасқан «Эдельвейс», «Орбита», «Сабалақ», «Ягодка», «Еңбек», «Обвонитель» саяжайлары елді мекендер жерінің санатына ауыстыру мүмкіндігі қаралды.
Жиында шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жайы да талқыланды. Қалада 2022-2025 жылдар аралығында 135 жер учаскесі арнайы мемлекет жер қорына қайтарылған. Осының негізінде халық мұқтажы үшін ауылдық елді мекендердің мал жайылымы белгіленген.