#qyzylordatv

Жаңақорған ауданында құс фабрикасының құрылысы аяқталуға жақын. Көп ұзамай іске қосылатын кәсіпорын 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Ал, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген пайызбен несие алған Наурыз Айымбетовтің жылыжайында болгар бұрышы мен қияр күтіп бапталуда. Журналистерге арналған баспасөз турында жаңа жобалар мен жеке инвестиция есебінен салынған кешеннің жұмысы таныстырылды.

«Абдулла» шаруа қожалығындағы құс фабрикасында жылына 3,8 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге болады. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттен қолдау ретінде мың гектар жер телімі берілген. Қазіргі таңіда 12 құс қорасы толықтай автоматтандырылған. Сонымен қатар, құс сою және инкубациялық цехтары, әкімшілік ғимараты мен техникалық қызмет көрсету нысаны дайын тұр.

ӘБІЛХАН ТӘЖІМБЕТОВ – «АБДУЛЛА» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ //Алғашқыларына балапан отырғыздық. Біртіндеп келе жатырмыз. Жалпы балапандар Алматы, Тараз қалаларынан келп жатыр. Алдағы уақытта Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінен алдыртқалы отырмыз. Жобаның жалпы құны 6,2 млрд теңге. Қызылорда облысына жылына 16-17 мың тонна тауық етін қабылдауға қауқарлы екен. Сондай-ақ, алғашқы тапсырыстар Ресей, Қырғызстаннан түсуде. Бір қоражайға 25 мың тауық сияды. Осындайдың қазір 12 бар. Жобада тағы 12 соғып, көбейту жоспарда бар.//

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТУДЕ

Ал, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген пайызбен несие алған Наурыз Айымбетов 12 сотық жер теліміне жылыжай салыпты. Мұнда қазір 600 түп қияр мен болгар бұрышының «фламинго» сорты күтіп бапталуда. Бағбандар күн сайын қатарларды аралап, өнімнің өсіп-жетілуін бақылап отыр.

Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында «Жаңақорған» сервистік қызмет көрсету кешені жұмыс істеп тұр. 100 орындық асханасы, қонақ үй, автовокзал мен автотұрақ және жанармай құю бекеті бар.

Кәсіпкер келешекте кешен аумағын кеңейтіп, көліктерге техникалық қызмет көрсету орнын салуды көздеп отыр.