#qyzylordatv
«Қызылорда-Сексеуіл» трассасының қала іргесінен салынып жатқан айналма жолының құрылысы қарқынды. Жоба бойынша 14 шақырым жолдың бүгінде 6 шақырымының ізі түсіп, қабат-қабат құм-тас төселіп жатыр.
Бұл бағытта бұрын-соңды жолдың ізі болмаған соң бірінші кезеңде тоғай басқан жерлер ашылып, жолдың негізгі қабаты қаланып жатыр. Жапан даламен өтетін автожолды салуға 100-ге жуық жұмысшы жұмылдырылып, 80-нен аса техника осы аумақта тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Мердігер мекеме бүгінде қажетті жол-құрылыс материалдарының қорын жинап қойған.
Айналма жол «Шымкент-Самара» автодәлізі қиылысынан басталып шаһардың солтүстігіне қарай Жезқазған трассасымен түйіседі. Ұзындығы 26 шақырым. Оның 14 шақырымы бірінші санатты жол болмақ. Осы аралықта 11 су өткізу құбыры қаралған. Қазіргі таңда соның 3-еуі салынып жатыр. Сонымен қатар, бұл жолға 4 көпір түседі. Жобада көзделген нысандардың бірқатары биыл аяқталады.
Жол бойына мердігер жоғары қуатты екі асфальт-бетон зауытын орнатып жатыр. Яғни, жазғы маусымда жұмыс күшін арттырып, жол құрылысы екі есе қарқынмен жүргізілмек.