Мектепке дайындық: Базар бағамы қалай?
#qyzylordatv
Жаңа оқу жылы қарсаңында жылдағыдай елімізде «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр. Тамыз айының бірінен басталған қайырымдылық шарасы 30-шы қыркүйекке дейін жалғаспақ. Осы ретте, әлеуметтік осал топ санатындағы жанұялар мен көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан көмек көрсету көзделген. Биыл әлеуметтік пакеттің ең төменгі мөлшері 50 мың 851 теңге. Ал осы қолдау тетігі базар бағамына сай ма? Әріптесім Елжас Әбділда зерделеп көрді.
Гүлмариям Мұратқызы көп балалы ана. Қызылордалық келіншек небәрі 31 жасында 6 ұл-қыз өсіріп отыр. Балаларының төртеуі мектепте оқиды екен. Солардың қажетін сайлау үшін ертемен базарға келіпті. Айта кетерлігі, күміс алқа иегерінің бір ұлына мектептен бір реттік қолдау көрсетілген. Бірақ соның өзінде әлі шығын шаш-етектен, дейді.
ГҮЛМАРИЯМ МҰРАТҚЫЗЫ – КӨП БАЛАЛЫ АНА
«Мектепке жол» акциясы аясында мектептен үшінші сынып оқитын балама оқу құралдары және сөмке берілді. Соның өзінде 400 мың теңге көлемінде әлі де шығын. Жылдағыдан сәл айырмашылық бар, 100 мың теңге артық жұмсаймын деп ойлап тұрмын
Байқағанымыз, базар нарқы құбылып тұр. Үнеммен жұмсағанның өзінде бір бастауыш сынып оқушысын мектепке дайындауға 100 мың теңгедей қаражат қажет. Ал аз қамтылған отбасылар үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пакетінің ең төменгі мөлшері 50 мың 851 теңге. Ескерерлігі, жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай кей өңірде төлем мөлшері сәл жоғары.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 450 мыңға жуық оқушы «Мектепке жол» акциясы аясында қолдауға ие болмақ. Осы мақсатта жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Әр балаға көмек мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артып отыр. Асықпай аралап, базар бағамын саралап көрдік. Шыны керек, бірнеше баласы бар ата-аналар мектеп құралдары мен киім-кешектің құны қалтаға ауыр тиіп тұрғанын айтады. Ал, саудагерлер артық үстеме қоспай, тұрғындарға мейлінше қарайласып жатырмыз, дейді.
ГҮЛМИРА ЖАХАНОВА – САТУШЫ
Бағамыз тұрақты, қымбатшылық жоқ. Мысалы, мыналар 3500 теңгеден, 5-6-7 мыңнан. Бұлардың келуі әрқайсысының сапасына қарай. Көп балалы аналар, асыраушысы жоқтарға қолымыздан келгенше бағасын келістіріп, түсіріп, ыңғайлап береміз
ЖАННА ӘБДІКӘРІМОВА – САТУШЫ
3 мың теңгеден басталады сөмкелеріміз, 5 мың теңгеге дейін барады. Көп аналар келеді, көбіне бізден арзандарын сұрайды. Биыл сауда қатты болып жатқан жоқ. Бірақ қолжетімді бағада беріп жатырмыз
Базарда бала-шаға қамы үшін нәпақа айырып отырған бұл аналарды да түсінуге болады. Мектепке қажетті құрал-жабдықтың басым бөлігі елімізге көршілес мемлекеттерден жеткізіледі. Сондықтан бірнеше қолдан өткен тауарға біршама үстеме қосылары белгілі. Десе де, сауда сөресін отандық өніммен толтырып отырған кәсіп иелері де бар екен. Мәселен, қызылордалық Елдос Әлиев мектеп дәптерлерін өзі өндіріп, мұқабасына ұлт зиялыларының бейнесін басып шығарыпты. Бүгінде осындай 25 мың дана дәптер аймағымызбен қатар, еліміздің өзге де өңірлеріне жөнелтіліп жатыр.
ЕЛДОС ӘЛИЕВ – КӘСІПКЕР
Үлкен көрмелерде боламыз, сонда өздерінің ұлы ғалымдарын шығарады. Мысалы, Пушкин, Некрасов сияқты кісілерді дәптердің бетіне шығарады. Осыны зерттеп биылдан бастап, өзіміздің ата-бабаларымызды қойып нарыққа шығарғым келді. Қазақша дәптер деп қойдық. Артына қарасақ, қазіргі жастардың көбісі гимн білмейді. Сондықтан потриоттық сезімді көтеру үшін артына гимнмен шығардым. Өзімнің дизайныммен дайындадым
Жаңа оқу жылының басталуына бір-ақ апта қалды. Базар маңында әлі де қарбалас. Айта кетерлігі, өңірдегі осындай сауда орындарымен қоса, бірнеше ауданда мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылып, түрлі тауарлар нарық бағамынан 30 пайызға дейін арзан саудалануда.