Су үнемдеуге арналған инновациялық құрылғылар қолданылуда
#qyzylordatv
Су ресурстарын тиімді пайдалану, су шығынын азайту мақсатында егін алқабында инновациялық технологиялар қолданылуда. Жаңа құрылғылардың ерекшелігі неде, тиімділігі қандай? Ғылыми тәжірибелік алаңға арнайы барған тілшіміз толықтырады.
Қарауылтөбе ауылының маңындағы ғылыми тәжірибелік алаңда жайқалған егін пісуге таяу. Ғалымдар егіннің бітік шығуы әрі судың үнемделуі үшін биыл бірқатар жаңа технологияны қолданысқа енгізді. Яғни, «Мемлекеттік инвестициялық қолдау» жобасы аясында 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, жаңа құрылғылар алынған. «Күріш жүйелерінде суды үнемдеудің және есепке алудың инновациялық әдістері» атты семинарда алдымен сала мамандары каналдағы суды өлшеп, егіс алқабына жіберетін автоматтандырылған құрылғымен танысты. Аймақта алғаш рет іске қосылған бұл жабдық Қазақстанда жасалған.
ЖАНҰЗАҚ БАЙМАНОВ – Ы.ЖАҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЗИ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі семинар аясында Ауылшаруашылық министрлігімен берілген мемлекеттік қолдау жобасы аясында арнайы су үнемдегіш технологияларына арналған суды есепке алу, жіберу қондырғылары алынған болатын. Бұл қондырғылар қашықтықтан, мобильді телефонмен басқарылып, қанша су өтіп жатыр, соның мүмкіндігін көріп отырмыз. Мемлекеттік инвестициялық жоба аясында 7 қондырғы алдық, оның ең үлкенін бас сағаға,қалғандарын күріш атыздарына, суару каналдарына қойып отырмыз.
Семинарда атызға жіберілген судың жылдамдығын өлшейтін құрылғының жұмысы да таныстырылды. Мамандар жылдамдықты өлшеу арқылы судың көлемін анықтайды.
ЫРЫСБЕК МОЛДАШ – ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
ГР-21 деген бұрынғы пайдаланып жүрген вертушкаларымыз бар еді, қазіргі ГРМ-1 дегеніміз бар. Айырмашылығы бұрын сигналдарын есептеп, лопостарының айналып, орнына келгенше 20 айналым болатын. Қазір сигнал бірден беріледі. Оны есептеп жатпаймыз, аппарат өзі есептеп, жылдамдылық бірден анықталады.
Семинарда институт өкілдері бірнеше жыл іс жүзінде қолданылған, су өткізуге арналған құрылғының тәжірибесімен бөлісті. Бұл жартылай автоматтандырылған.
ЖАНҰЗАҚ БАЙМАНОВ – Ы.ЖАҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЗИ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Күріш атыздарынан суды қашыртқылауды сушылар қаппен, кетпенмен жауып жүреді. Ол көп шығын. Біз осы кезде Сайман компаниясына альтернатива ретінде арзан құрылғы ұсынып отырмыз. Канализациялық құбырлардан жасалған. 25-30 мыңға жасап алуға болады. Сушы келеді де былай баса салады. Су кетті. Мұны каналға да қоюға болады.
Институтқа қарасты 1400 гектар суармалы егін алқабы болса, оның ауыспалы егіс сызбасына сәйкес 500-600 гектарына күріш, қалғанына арпа, бидай, жоңышқа, түйе жоңышқа егілген. Сондай-ақ, суды аз қажет ететін дақыл – жүгері, қант құмайы өсіріліп, арпаның құрғақшылыққа төзімді сорттарын шығарып, тұқымын көбейту жұмыстары жүргізілуде.
МАҚСАТ НҰРЛЫБЕКҰЛЫ – ГИДРОТЕХНИК
Бізде ондай құрылғылар орнатылмаған. Күрішшілер Совет одағынан қалған техника, қаппен жұмыс істейді. Жаңа технология ұнады. Шаруашылықтарға қолданылса. Жаңа көрсетілген су қақпасы бізде жоқ. Қолмен бұрап ашады. Жаңа көрдік. Телефонмен басқарылады екен. Бізге орнатылса жақсы болар еді.
ӨРКЕН БАЙМАХАНОВ – «ҚАЗГИДРОГЕОЛОГИЯ» ҰЛТТЫҚ ГИДРОГЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл өте керек құрылғы. Өндіріске енуі керек. Біз классикалық тұрғыда жалпылама тәжірибеде көретінбіз. Күрекпен, қаппен. Жалпы суды үнемдеуге бағытталған өте керемет үлгісін көріп отырмыз. Шаруашылықтарға таратып, ғылыми тұрғыда сүйемелденсе, бұл өзінің нәтижесін береді деп ойлаймыз.
Айта кету керек, семинар жұмысы Қарауылтөбе ауылында да жалғасып, сала мамандары тәжірибесімен бөлісті.