#qyzylordatv
Сыр руханияты орны толмас қазаға ұшырады. Алашқа белгілі ақын, Қазақстанның өнер қайраткері, ҚР мәдениет саласының үздігі Ыдырысов Серік Махмұтұлы келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға аттанды.
Дарияның тамшысы, дүлдүлдің қамшысындай сөз ұстасы Серік Ыдырысов бала күнінен даланың кеңдігін кеудесіне сыйдырып, жадына жақсылардың ғибратын түйіп өсті. Оқушы кезінде-ақ үш ауыз сөз айтса, екеуін ұйқастырып тұратын. Оған қоса домбыра тартты. Сүлейлердің саз-мақамдарына салып, небір термелерді айтуды меңгерді. Мектеп қабырғасын сәтті тәмамдағаннан кейін Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өзінің алтын ұясы №185 мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрды. «Жас келсе – іске» деген, жас маман Серік Ыдырысов мектеп оқушыларынан оркестр құрды. Біреуден домбыра, біреуден сырнай тауып, жобасын жемісті жүзеге асырды. Осы оркестрдің дауысы ауылдан асып, ауданға жетті. Мектеп балалары өнерінің бүкіл қазаққа таратылуы ауыл емес, аудан тарихында бірінші мәрте еді. Бұл Серік Ыдырысовтың еңбегімен келген жаңалық болған еді.
Сыр елінің айтыс мектебі іргелі, тұғырлы мектеп. Бұл тұрғыда ақын Серік Ыдырысовтың да сара жолы бар. Тумысынан талантын шыңдаған Серік ақын айтыс өнеріне де ерен еңбегін сіңірді. Талай додаларда азулы ақындардың алдын орап, айтысты жаңа деңгейге көтерді. Өнегеге толы өмір жолында Лена Әбдіхалықова, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Мамыр Бай¬дәулетов, Күнсұлу Түрікпен, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, Марат Сүгірбай сынды талантты шәкірттер дайындап, тағылымды тәлім-тәрбие берді.
Бүгінде Серік Ыдырысов атындағы жыраулар мектебі талай талантты шәкірттің жұлдызын жағып жүр.
Ғұмырының соңына дейін қазақ руханиятының дамуына айрықша үлес қосып, жарқын болмысымен ұлтына адал қызмет еткен Серік Ыдырысовтың бейнесі ел жадында мәңгі сақталмақ. Серік Махмұтұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі: 1 тамыз, сағат 15:30-да, намазы 16:00-де Қызылорда қаласы Ыдырысов 4 тұйығы мекен-жайында өтетіндігін хабарлаймыз.