#qyzylordatv
Расымен, өңірде егіске қажетті тіршілік нәріне тапшылық айқын сезіле бастады. Сырдарияның суы сирақтан келмей тұр. Қазір әр аудан шаруалары күріш алқаптарын кезектесіп суарып жатыр. Одан қалды қашыртқыдағы суды қайта пайдалануға көшкен. Ал бұл мәселенің шешімі бола ала ма? Шаруалардың жағдайын көзбен көру үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев та аймаққа жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер «Мағжан и К» шаруа қожалығының егістік алқабында болып, күрделі жағдайдан күрмелмей өтудің жолын ұсынды.
Биыл өңірде 189 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылы егілді. Күріштің көлемі 81 мың гектарға жуықтайды. Бұл жалпы егістің 43 пайызы. Мамандар дария деңгейінің жылдағыдан төмен болатынын ерте көктемде ескерткен. Бірақ, жер-анадан несібе терген еңбеккерлер жылдағыдай тәуекелге бел буды. Енді жағдай тығырыққа тіреліп тұр. Дегенмен, үкіметаралық келіссөздер нәтижесіз емес. Өзбекстан тарапы тиісті су мөлшерін жібере бастады.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ / Кеше ғана мен Ташкентте болдым, Бішкекке бардым. Премьер-министрлерімен кездестім, олар бүгіннен бастап өзбек тарапынан 200-ден астам куб судың көлемі бүгіннен бастап бері қарай келді. Енді қырғыз тарапынан 150 куб жіберуі керек. Бірақ ол қазақстанға жетуі үшін 5 күн керек... Оныншы тамызға дейін судың деңгейін ұстап тұрамыз/
Бір сөзбен, келіссөздер нәтижесінде алдағы екі аптаның ішінде трансшекаралық мемлекеттерден 600 млн текше метрден астам су түсуі тиіс. Бұл вегетациялық кезеңнен қысылмай өтуге жетеқабыл мөлшер. Бірақ, сағадағы су табанға жетем дегенше қолда барды ұқсатудан басқа қайран жоқ. Қазір шаруалар қашыртқыдағы судың өзін қайта тұтынып отыр. Вице-премьер су мәселесі жыл сайын күрделене түсерін жасырмады. Сондықтан, тіршілік нәрін үнеммен пайдаланатын тәсілге көшу уақыт талабы.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ /Қытайда бүкіл күрішті тамшылатып суару арқылы өсіріп жатыр. Оны енгізсек, суды үнемдеу 5 есе болады. Бұл керемет болады. Жаңбырлатып суарса мысалы 60 пайыз үнемделеді. Сондықтан келер жылда бастап осыны әр шаруашылық енгізуі керек/
Қазірдің өзінде аймақта 1700 гектар күріш қуаңшылыққа ұшырады. Мамандар бұл көлем 5 мың гектарға дейін ұлғаю мүмкін, деп отыр. Дегенмен, оныншы тамызға дейін келетін су мөлшері сақталса, науқанды аз шығынмен өткеруге мүмкіндік бар.
Кеңесіп пішкен тон келте болмасы белгілі. Қазір өңірдегі барлық каналдан су алу кестесі бекітіліп, тіршілік нәрі кезекпен берілуде. Сондай-ақ, қалыптасқан жағдайды тұрақты бақылап отыру үшін әрбір ауданда арнайы жұмысшы топтар құрылды. Ал, шаруалардың шығыны үкімет тарапынан өтелмек.
Дихандар келер айдан бастап күріштің суын сорғыта бастайды. Қазір келісілген су мөлшері Шардараға түсе бастады. Сондықтан, жаппай қуаңшылық қаупі жоқ, деп отыр мамандар.