#qyzylordatv

Сол жағалаудағы №290 Келешек мектебінде де соңғы қоңырау салтанаты ерекше өтті. Білім биігіне бастаған іргелі шаңырақтағы салтанатты шара туралы тілшіміз Дәулет Сағит айтып берсін.

 Мектеп бітіруші талапты жастың бірі – Мәуе Қайратқызы. Ол «Алтын белгіге» үміткерлердің қатарында. Болашақта химия-биология пәнінің мұғалімі болуды көздейді. Сондықтан ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы мығым.

 Президент пәрменімен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, 2024 жылы пайдалануға берілген білім ордасының екі жыл уақыт ішінде жеткен жетістігі аз емес. Биыл 42 түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, қияға қанат қақты. Оның 3-і алтын белгіге, 5-і үздік аттестатқа үміткер. Мерейлі мезетте облыс әкімі аппаратының басшысы Әділхан Мұхамедияров бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі.

 Кеше ғана тұлымшағы желбіреп, жүрегі елжіреп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздар үшін бұл күннің маңызы зор. Тарыдай болып табалдырық аттаған олар бүгін үлкен өмірге алғашқы қадам басқалы отыр. Жас түлектердің жанарында қимастық, санасында сан арман жатыр.

Қоштасу кешінде әрбірі ұлағатты ұстаздарына алғаусыз алғысын білдіріп, өнерлерін ортаға салды.

 Ең толқынысты сәт. Былтыр алтын ұя мектепке қадам басқан балалар бір жылды жемісті тәмамдаса, бітіруші түлектер үшін оқушы кезеңіндегі қоңырау соңғы рет соғылды.

Осылайша «мектеп» атты кемел білім кемесі жалынды жолаушыларын үлкен өмірге тағы да бір мәрте шығарып салды.