#qyzylordatv

Қаржы пирамидасына алданған азаматтардың шығыны өтелетін болды. «Qnet» компаниясына қатысты апелляциялық сот шешімімен 301 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленіп, жәбірленушілерге қайтарылмақ. Бұл – Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің соңғы жеті айда атқарған жұмыстарының нәтижесі.

Жалпы, жыл басынан бері департамент өндірісінде 37 қылмыстық іс тіркеліп, оның 32-сі ауыр санаттағы ретінде қаралған. Тергеуі аяқталған істердің үлесі – 79 пайыз. Бұл – қарқынды тергеу мен жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мемлекетке келтірілген залал сомасы 784 миллион теңгеден асып жығылады. Оның 248,6 миллион теңгесі тікелей өндірілсе, қалған бөлігі мүлікке тыйым салу арқылы өтелді. Қаржы саласындағы заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою – департамент жұмысының басым бағыттарының бірі. Соңғы айларда жүргізілген тергеу нәтижесінде бес қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды.

МЕДЕУ ТАУБАЙ – ОБЛЫС БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Қаржы пирамидасының жолын кесу бойынша «Warner Bros», «Qnet», «HRT», «Fashion Star», «Rain BNB», «Асар баспана» секілді жобалар бойынша істер қозғалып, олардың қызметі тоқтатылды. «Qnet» ісі бойынша мүлік тәркіленіп, жәбірленушілердің құқықтары қорғалды.

Сондай-ақ департамент құқық бұзушылықтың алдын алуда профилактикалық шараларды да назардан тыс қалдырмаған.

Мемлекет мүддесіне төнген кез келген қауіпке дер кезінде тосқауыл қою – құқық қорғау органдарының басты міндеті. Ал бұл жолда қоғамның қаржылық сауаттылығы мен заңға деген құрметі айтарлықтай рөл атқарады.