#qyzylordatv

Сыр спортынан ақжолтай ақпар. Аймақта ұзақ жылдардан кейін кәсіби футзал қайта жаңғырып, «Qyzylorda» футзал клубы құрылды. Жаңа команданың салтанатты таныстырылымына Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман арнайы қатысып, жаңа маусымға сәттілік тіледі.

 Бұл аймақ футболы үшін айтулы оқиға. Бүгінде өңірде 10 мыңға жуық жас шағын футболмен шұғылданып, әуесқойлар лигасында доп теуіп жүр. Енді солардың ішінен таланттылары таңдалып, кәсіби команда жасақталатын болды. «Qyzylorda» футзал клубы тек жергілікті аяқдопшыларға басымдық бермек.

 Сырбойылық команда 25-30 тамыз аралығында Талдықорған қаласында өтетін Қазақстан Кубогы бәсекесінде бақ сынап, аймақ намысын қорғайды. Негізгі мақсат - биыл футзалдан Қазақстан Бірінші лигасында өнер көрсетіп, жергілікті аяқдопшылардың кәсіби шеберлігін шыңдау. Ел біріншілігіне қатысу үшін қазір демеушілермен келіссөздер жүріп жатыр.

Және бір жағымды жаңалық 2 мыңнан астам көрерменді қабылдауға қауқарлы «Қызылорда Арена» кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген соң өңірде ел чемпионаттары, халықаралық турнирлер мен УЕФА жарыстарын өткізуге мүмкіндік болады.