#qyzylordatv

Алматылық «Қайрат» футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасындағы жорығы жалғасуда. Турнирдің шешуші іріктеу кезеңі аясында Шотландияның «Селтигімен» ойнап, матч сенсациялық нәтижемен аяқталды.

Қос команда арасындағы алғашқы матч Глазго қаласында өтті. Ойын 0:0 есебімен аяқталды. Алма-кезек қауіпті шабуылдар болғанымен екі тарап та есеп ашатын мүмкіндіктерін мүлт жіберіп жатты. Тіпті, алматылықтар алғаш болып қарсыластың қақпасынан саңылау тапқан. Дегенмен, төрешілер бұл голды есепке алмады. Оффсайд.

Тоқсан минут түгесіп, төреші ойын соңында қосымша 10 минут қосып берді. Оның өзі ештеңе өзгертпеді. Қорытынды есеп 0:0. Енді топтық кезеңге өтетін жеңімпаз Алматыдағы қарымта ойында анықталады. Айта кету керек, Қазақстандағы қарымта ойынға Дастан Сәтпаев қатыспайды. Ол сырт алаңдағы ойынның соңғы минутында сары қағаз алып қалды. Салдарынан, осы еуромаусымдағы ескертулерінің саны үшеуге жетіп, алдағы ойыннан тыс қалатын болды.

Ал, келесі кездесу 26 тамызда Алматыдағы орталық стадионда өтеді. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері осы маусымда күтпеген жеңістер тіркеп жатыр. «Олимпиа», «Купс» және «Слован» командаларын жеңіп кетті. Енді тарихи нәтиже тіркеп «Селтикті» артта қалдырса, Алматыда Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалмақ.https://youtu.be/aUJMeEqVEwY