#qyzylordatv

Жосалы және Төретам кентінде темір жол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.Мұнан бөлек бірнеше көшеге асфальт төселіп, балалар ойын алаңы салынуда. Сондай-ақ Байқоңыр қаласындағы 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қайта қарқын алған. Аудан әкімі Жандос Еркінбек құрылыс нысандарын аралап, мердігерлерге сапаға көңіл аударуды тапсырды.

 Жосалы кентіндегі темір жол вокзалына жөндеу жұмыстары сәуірде басталған. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы келбетін әрлеу, шатырын жаңарту, ішкі бөлмелерді қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде демонтаж жұмыстарының 70 пайызы аяқталды деді мердігер мекеме өкілдері. Жалпы жоба құны – 526 млн теңге. Құрылыс желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

 Аудан басшысы Мүсірбаев көшесіндегі балалар ойын алаңының құрылысымен танысты. Мұнда балаларға арналған ойын алаңы мен шағын футбол алаңы және жаттығу жабдықтары орналасады. Жоба құны - 28 млн теңге.

 Ал осыған дейін Шыңғысов көшесінің тұрғындары үшін жол жағдайы қиындық тудырып келген еді. Енді міне осы аумақтағы бірнеше көшені бір-бірімен байланыстыратын көшеге асфальт төселіп, жол инфрақұрылымы жақсарып отыр. Айта кетейік, қазір кенттегі Нақыпов, Келмембет және Алтынасар көшелерінде де жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 Мұнан соң аудан әкімі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Ғимараттың күрделі жөндеуіне 180 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыс басталып кеткен. Аудан әкімі салауатты өмір салтын қалыптастыруда сапалы инфрақұрылымның рөлі маңызды деді. Сондықтан жоспарға сай жөндеу жұмыстарын желтоқсан айында уақытында аяқтау қажеттігін еске салды. №250 мектеп-лицейінде жаңа оқу жылы қарсаңында 1800 шаршы метрге жуық аумаққа брусчатка төселген. Қазір жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.

 Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы маңызды бастама Төретам кентінде де жалғасуда. Теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізу облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес іске асуда. 1965 жылы салынған ғимарат 300-ге тарта жолаушыны қабылдай алады. Дегенмен заман талабына сай жөндеу қажет. Сонымен қатар вокзал аумағын абаттандыру жұмыстары да бар. Аудан әкімі Ақай мен Төретам кентін жалғайтын жолдың құрылысын бақылап, кенттегі жаңадан бой көтеріп жатқан ойын алаңында болды. Әрі қарай Байқоңыр қаласында салынып жатқан көпқабатты үйлерді аралады. Шілде айында басталған тұрғын үйлердің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

250 пәтерді қамтитың 5 тұрғын үйді де «Аман Құрылыс» мекемесі салып жатыр. Аудан әкімі ең алдымен сапаға назар аудару қажет деді. Сондай-ақ биыл Байқоңырда кәріз су желілерін жаңғырту бойынша ауқымды жоба іске асуда.

 Аудан әкімі аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасы мен уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, бұл жұмыстарды өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.