#qyzylordatv

Елімізде әр үшінші қылмыс спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтыну салдарынан жасалады екен. Осыны ескерген қадағалаушы орган өкілдері «Арақсыз ауыл» жобасын насихаттап келеді. Бастамаға бір кісідей үн қосқан Қармақшы ауданындағы Иіркөл ауылының тұрғындары алкогольдік өнімдерден бас тартып отыр.

 Игілікті істі Иіркөлдің жергілікті жұрты тегіс қолдаған. Оған сауда-саттықпен айналысатын ауылдағы кәсіпкерлер де келісе кетіпті. Осылайша ортақ шешімге барлығы бірауыздан тоқтап отыр. Әрі «Байырқалы бастаманың болашаққа берері» мол екеніне сенеді. Аудан прокуроры жыл басынан бері бұл ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмегенін айтты. Ауданда мұндай тағы 4-5 ауыл бар.

 «Жат әдеттерге тоқтам болған үлгілі істі ауызбен айту бір бөлек, ал оның нақты орындалуы үлкен жауапкершілік»,- дейді ауылдың үлкендері. Сол үшін жұртты жинап, насихатты күшейтуге көшкен.

Айта кетейік, «Арақсыз ауыл» жобасына аймақта жиырмадан астам ауыл қолдау білдірген. Ал бұл Қармақшы ауданындағы алкогольдік өнімдерден бас тартқан алғашқы ауыл. Прокуратура өкілдері жарқын бастамаға өзге де ауылдар үлес қосуға ниетті дейді.