#qyzylordatv
Биыл елімізде жүз базар қайта жаңғыртудан өтпек. Оның ішінде облыста 4 ірі сауда базары да бар. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді. Ведомство өкілінің айтуынша, аталған шаралар өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Ахметбекұлы алдымен облыс орталығындағы жаңғыртуға жататын сауда базарларының жай-күйін көріп шықты. Базарларда әлі де атқарылатын істің көп екенін алға тартты.
Бизнес өкілдерімен кездескен вице-министр сауда қызметін дамыту, экспортты ілгерілету, сыртқы сауда инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар барысын баяндады.
Басқосуда Айдар Ахметбекұлы кез-келген кәсіпкер бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз ету мен отандық өнімдерді қолдауға басымдық беру керектігін айтты. Жиында кәсіпорын басшылары мен бизнес өкілдері өнімдерді экспорттауда кездесетін кедергілердің көп екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ вице-министрге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, оның ішінде нан өніміне қойылатын талаптар мен сауда саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қаржылай қолдауға қатысты сұрақтар қойылды. Өңірдегі жұмыс сапарын түйіндеген Айдар Ахметбекұлы баспасөз орталығында журналистермен жүздесті.
Вице-министр жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қойылған әрбір сауалға нақты жауап берілетінін жеткізді. Басы ашық сұрақтарға қатысты тиісті мамандар зерделеу жүргізетінін де еске салды.