#qyzylordatv
Конституция күніне арналған салтанатты жиын Жалағаш ауданында да ұйымдастырылды. Қабылданғанына 30 жыл толған Ата заңның тарихи мәніне маңыз берген аудан тұрғындары өңірдің дамуы жолындағы маңызды міндеттерді тағы бір саралады.
Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында аудан әкімі Ардақ Ибраимов Конституцияның ел дамуы жолындағы маңызына тоқталып, жалағаштықтарды айтулы мерекемен құттықтады. «Ата Заң – Тәуелсіздіктің, тұрақтылықтың, әділет пен құқық үстемдігінің символына айналды. Бұл – елдік пен бірліктің, бейбіт өмір мен демократиялық даму жолының жарқын белесі» – деді аудан әкімі.
Ата заң - әр буынның тілегін, әр ұрпақтың үмітін біріктіруімен құнды. Және елдегі басқару жүйесін реттеп, халық пен биліктің арасын жалғаған, мемлекет пен азаматтың қарым-қатынасын құқықтық негізде орнықтырған құқықтық құжат. Алқалы жиында Конституцияның ел өміріндегі маңызы айшықталып, ауданның дамуына үлес қосқан тірлі сала өкілдеріне құрмет көрсетілді. Өз саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар сала мамандары мен ардагерлер облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік кеш соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.